«Ақылды» аулалар салынуда

Жезқазған облыс орта­лығына ай­нал­ғалы қалада оң өзгерістер бір­тіндеп сезіле бастады. Соның бірі – «ақыл­ды» аулалар бағдарлама­сының қолға алынуы.

Қазір қоғамда тынышсыздық көп. Бүлдіру, қирату, тонау, ұрлау, әлімжеттік жасау және т.б. келең­сіздіктердің басым бөлігі үйлердің маңында, аулалардың ішінде  болып жататыны жасырын емес. Өкінішке қарай, солардың көпші­лігі дер уақытында анықталмай, қылмыс  ашылмай қалып қояды.  «Көрдім» деген көп сөз» дегендей, байқамай, көрмей қалғандарды айтпағанда,  көзімен  көргендердің өздері де іске куә болғысы келмей­ді. Сондықтан «ақылды» аула бағдарламасының берері көп.

– Жезқазғанда қазір 66 аула «ақылды» аула бағдарламасына тартылды. Соның нәтижесінде әр ауланың төрт тұсынан бейне­камера орнатылып, бұлар қала­дағы Жедел бақылау орталығына қосылды. Аулада не болып, не қойып жатқаны, бейнелеп айт­қан­да,  аталған орталықтың ашса ала­қанында, жұмса жұдырығында. Осылайша, ендігі жерде жедел әрекет етудің мүмкіндігі молайды. Яғни, бұзақылар бұрынғыдай еркінсіп жүре алмайды, – дейді Жезқазған қаласы тұрғын үй комммуналдық шаруа­шылық бөлімінің бас маманы Н.Әуезов.

«Ақылды» аула бағдарлама­сының іске қосылғанына ата-аналар да айрықша қуанып жатыр. «Балаларымызды аулаға ойнауға шығарып жіберіп, «не болып қалды екен, әлдекімдер тарапынан алдап-арбауға,  зор­лық-зомбылыққа ұшырап қалма­ды ма екен?» деп алаңдаумен оты­ратын едік. «Енді мына бейне­камералардың орнатылғаны біз­дің  көңілімізді біршама орнына түсірді. Бұл үшін қала, облыс бас­шылығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ»  деген олар бағ­дар­ламаның сәтті жұмыс істеуінен үмітті.

 

Майлыбай КЕТЕ, Жезқазған қаласы