Айталық, киелі шаһарда құрылыс материалдарын шығаратын ірі тораптық зауыт құрылысының капсула салу рәсімі өтті. Аталған зауыт Түркістан қаласындағы TURKISTAN арнайы экономикалық аймағында салынып жатыр. Жаңа жобаның іске қосылуы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек.
Айта кетейік, іргетасы қаланған компанияның құрылысы келер жылы аяқталады деп күтілуде.
Жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайтын өндіріс орнында пайдалануға берілгенде жылына 15 000 тонна полимерлі құбырлар мен пластмассадан жасалған бұйымдар және тамшылатып суаруға арналған таспалар жасалатын болады. Жаңа зауыт ісін BAS POLIMER компаниясы қолға алған.
Зауыттың іргетасын қалау рәсімінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бұл жобаның әлеуметтік маңыздылығына тоқтады. Облыс әкімінің айтуынша, жаңа кәсіпорын іске қосылғанда импортқа тәуелділік азайып, отандық өнімнің үлесі артатынын атап өтті. Дархан Сатыбалды облыста инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанына тоқталып, өндірісті дамытуға, жұмыссыздықты азайтуға бағытталған жобаларды бірлесіп атқаруға дайын екенін жеткізді.
– Өңдеу өнеркәсібін дамыту – біздің басты бағыттарымыздың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, облысымыздың өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін және қала тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ашуға үлесін қосатын TURKISTAN арнайы экономикалық аймағында жаңа зауыт құрылысы басталғалы тұр. Түркістан облысында кәсіпкерлікті, өндірісті дамытуға зор мүмкіндік бар. Жұмыс күші де, инвесторларға арналған қолдау да жеткілікті. Жаңа кәсіпорын отандық өнімдермен қамтамасыз ету көлемін арттыруға және халықтың әл-ауқатын көтеруге өз септігін тигізеді деп сенемін, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Нысан пайдалануға берілгенде, компанияда бастапқыда 100-ге жуық түркістандық тұрақты жұмыс жасайтын болады. Өндіріс толықтай автоматтандырылған. Жобаны жүзеге асыру кезеңінде қауіпсіздік шаралары қатаң бақылауға алынып, жұмыс барысында қоршаған ортаға шаң-тозаң, зиянды қалдықтар бөлінбейді. Ерекшелігі сол, зауытта шаңды фильтрлеу жүйесі орнатылады. Жалпы, алдағы уақытта зауыт жұмысы жанданғанда сұраныс пен өндіріс қуаттылығына сай жұмысшылар саны артуы мүмкін.
Тағы бір белгілі болғаны, зауыттан өндірілген өнімдер еліміздің аумағынан бөлек, көршілес мемлекеттерге де экспортталады деп жоспарланып отыр.
Тельман БЕЙСЕНОВ, Түркістан облысы