Ақмолада нан бағасы аспандап тұр

Елдің астықты аймақтары ала жаздай қуаңшылықтан бір, киіктердің шабуылынан екі, содан күзгі жиын-терім кезінде сібірлей жауған жаңбырдан тағы да оңбай жапа шеккені рас.

 Егістік алқаптарында биыл би­дайдың сапасыз әрі тым аз екені айтылып та, жазылып та жатыр. Ди­қан қауымын дабыл қақтырған жағдайдан кейін ақмолалықтар да нан бағасының күрт өскенін айқын сезінді. Дүкен сөрелерінде нан бір­ден 15-20 теңгеге дейін қымбаттап шыға келген. 

Елдің ауыл шаруашылығы сала­сы­ның басты драйвері – теріскей об­лыс­тарда астық көлемі мен сапасының тым аз болатыны туралы болжамды күні бұрын облыс әкімдіктері де, Ауыл шаруашылығы министрлігі де айтқан. Жаздың соңы толассыз ақ жауынға ілігіп, әбден сыз тартқан би­дайдың басы тұтастай көктеп кетіп, мал­ға жем ретінде пайдаланбаса, нан пі­сіруге мүлде жарамсыз болып шыға кел­ді. Жария болған жағымсыз жайтты де­реу бас пайдасына жаратпақ болған пы­сықайлар, биылғы астық әлі түс­пес­тен бағаны дереу қымбаттатып, өңір­дің барлық азық-түлік сауда орын­дарында бағаның қымбаттауына не­гіз болған. 

Астықты аймақтардың бірі – Ақ­мола облысында да нан бағасы күрт ша­рықтап кеткені тұрғындардың ашуын туғызды. Диірмендерден шық­қан ұн бағасы көтеріліп, оның соңы дү­кен сөрелеріндегі нанның бағасы­ның шарықтап кетуіне негіз болыпты-мыс. Өңірдің барлық аймағында нан ба­ғасының қымбаттап кеткеніне на­лыған жұрт әлеуметтік желілер арқылы да жергілікті билік органдарына нара­зылықтарын білдіріп жатыр.

Өңірде нан бағасы бұған дейін де бір­неше мәрте көтерілген. Мәселен, тек өткен жылдың соңында ғана Көк­ше­тау қаласындағы тұтас қаланың 10 пайыз­дан астамын ас атасымен қам­та­ма­сыз етіп тұрған «Көкшетау нан зауы­ты» желтоқсанның соңында жа­бы­лып тынған. Зауытта жұмыс істеген 59 бірдей адам бір-ақ сәтте жұмыссыз қал­ған еді. Сонау 1952 жылдан бері он­даған нан өнімдері мен тоқаш түр­лерін әзірлеп, келген зауыттың жа­был­ғанынан кейін баға бірден 30 тең­геге көтерілген. Жүгенсіз кеткен нан бағасы бұдан кейін де тағы басқа да бірнеше себептермен көтерілгені рас. 

Ал жоғарыда аталған соңғы жағ­дайдан кейінгі жаңа бидай қолға ти­мегенімен баға қымбаттап, шыға кел­гені тұрғындардың да ащы жанай­қайын туғызды. Өйткені әлі пайдала­нып көрмеген, тек «Астық шығымы биыл аз болады екен» деген желеуді пай­даланып көтергені тұрғындарға жы­ғылған үстіне жұдырық болып ти­ген­дей әсер еткен. 

– Көкшетауда нан мәселесі көптен бері аса күрделі жағдайда екенін халық көзімен көріп келеді. Кешкі 5-6-ға дейін нан алып үлгермесең кез келген дүкенде нан таусылып қалады. Тіпті, қым­бат нанды да қаланы шарқ ұрып шырақ алып іздесең де таппайсың. Ал онымен қоса бағасы да күрт қымбаттап кетті. Былтырғы жылдың соңында ға­на нан бөлкесінің орташа құны 120 теңге еді. Тұтас зауыт жабылып, бірден 30 теңгеге қымбаттады. Енді міне, осы­ған дейін 150 теңгеден алатын бөл­ке нанымыздың құны «Орталық ба­зар­дың» өзінде 165-170 теңгеден са­тылып жатыр. Бірақ соны бақылауға ал­ған, яғни бағаны тізгіндеп ұстауға ұм­тылған ешбір билік органы жоқ. Қа­рапайым халық қалтасын қақса да үнсіз қымбат нанды алуға мәжбүр бо­лып отыр, – дейді Көкшетау қаласы­ның тұрғыны Анар Асқарова.

Біз баға көтерілген базар сауда­гер­ле­рінен нан бағасының қымбаттау се­бебін анықтамақ болып көрдік. Алай­да дүкеншілер өздеріне жеткізу­ші­лердің бағаны көтергенінен нан ба­ғасын көтергенін айтып ақталмақ бол­ды. 

– Иә, нан бағасының күрт көтеріл­ге­ні рас. Баға 20 теңгеге қымбаттады. Біз­ге нан жеткізетін жеткізушілер де нан бағасын қымбаттатқан. Олардан сұ­расақ, ұнның бағасы көтерілгеніне бай­ланысты бағаны көтергенін айта­ды. Сондықтан нан бағасы көтеруге мәж­бүр болдық, – дейді дүкен сату­шы­сы Ольга Иванова. 

Нан бағасының өңірде күрт ша­рық­тап кеткенін жергілікті құзырлы ор­гандар да мойындады. Алайда баға­ны реттеуге тиіс органдардың өзі биз­нес­тің мораторийдің болуына кәсіп­кер­лерді егер қандай да бір домалақ арыз түспесе тексерудің мүмкін емес­ті­гін айтады. 

– Нан бағасының қымбаттап жат­қанын байқап отырмыз. Дегенмен бұл қымбаттағаны – негізінен жоғары сұ­­­­рыпты ұннан жасалған нан. Тек­серу­ге тек бірінші сұрыпты ұннан пісіріл­ген нан жатады. Қазір мониторинг жүр­гізіліп жатыр. Бұл нанға дүкен сө­ре­лерінде қосылатын үстеме баға 15 пайыз­дан аспауы тиіс. Нан бағасының тұ­рақ­тылығын қамтамасыз ету мақса­тын­да облысқа Ауыл шаруа­шылығы бас­­қармасымен «Азық-түлік келісім­шарт корпорациясына 5 300 тонна жеңіл­дікпен берілетін ұнға тапсырыс бер­ді. Жақын арада ол ұн облыс аума­ғын­да меморандум арқылы шарт жа­сал­ған 11 диірменге беріледі. Әрине, ар­зан бағадағы ұнның келісі 90 тең­ге­ден аспайды. Бұл ұн қаланы 56 пайыз және ауылды жерлерді 43,6 пайызға дейін қамтамасыз ете алады. Қазір облыс диірмендерінде екі айға же­тер­лік ұн қоры бар. Ал жоғарыда айтылған ұн жеткізілгеннен кейін ұн келер жыл­дың сәуір айына дейін жет­кілікті болмақ. Бағаны жөнсіз өсі­ріп жатқан дүкендерді тұрғындар өз­дері бақылауға алып арыз берсе, біз тек­сере аламыз. Кәсіпкерлік субъек­ті­­леріне мораторий болғандықтан арыз­сыз тексеруге мүмкіндігіміз жоқ, – дейді Ақмола облысы Сауда және тұ­тынушылардың құ­қықтарын қорғау де­партаментінің басшысы Ермек Әубәкіров. 

Көпшілік жұрт нан бағасының күрт көтерілу себебін егін түсімінің азды­ғы мен сапасыздығы салдарынан деп бағаласа, облыстың Кә­сіпкерлік және туризм басқармасы керісінше баға құнының шарықтауының бірнеше экономикалық себептерін атады. Аталған басқарма басшылығы да өңірде нан бағасының күрт өскені бақылан­ға­нын мойындады. Басқарма басшы­сы­ның айтуынша басты тағамның ба­ғасының күрт аспандауына ауыл ша­руа­шы­лығы факторлары емес электр энергиясына тарифтің өсуі, кө­лік шығындарының ұлғаюы, шикі­зат шығындары себепкер болған. 

– Басқарма сауда және интеграция ми­нистрінің бұйрығымен бекітілген әлеу­меттік маңызы бар 19 азық-түлік тауар­ларына мониторинг жүргізеді. Солардың бірі 1 сұрыпты нан болып та­былады. Біздің байқауымызша, ай­дың соңына дейін нан бағасы шамамен 20 теңгеге дейін қымбаттаған. Біздің нау­байханалар бірінші кезекте нан ба­ғасының қымбаттауына электр энер­гиясы тарифінің өсуін, биылғы егін орағы науқанымен байланыс­ты­ра­ды. Әрине, әзірге жаңа бидай нан пі­сіруге әлі түскен жоқ. Көлік шығын­да­ры көбейген. Мәселен, электр шы­ғын­дары 30 теңгеден 34,33 теңгеге дейін қымбаттады. Кәсіпорындар сонымен қатар нан пісіруге қосымша қа­жет болатын қант, тұз басқа да қо­сымша тауарлардың да бағасының арт­қаны бағаны көтеруге себепкер бол­ғанын айтады. Бізде ең арзан нан­ды «Ақсай нан» кәсіпорны шығаратын. Нан олардың павильондарында 100 теңгеден сатылды. Қазір «Ақсай нан» компаниясы да нан бағасын 115 теңгеге дейін көтеретінін айтып отыр. Басқа кәсіпорындар да 140 теңгеден 160 теңгеге дейін көтермек. Мәселен, ұнды бір кәсіпорыннан арзан бағада алып ол бірнеше тонна қалса, ол аяқ­талғаннан кейін жаңадан сатып алады. Осыған байланысты нан бағасы да қым­баттайды, – дейді Ақмола облы­сы­ның Кәсіпкерлік және туризм бас­қар­масының басшысы Ербол Оспа­нов. 

Құзырлы органдар өңірдегі нан ба­ғасы қымбаттауының осындай бір­неше себептерін атады. Дегенмен жұрт арасын­да әлі де болса ас атасының құ­­ны­­на қатысты наразылық басылар емес. Бұл орайда әлі түсіп үлгермеген би­дай үшін тек жасалған болжам үшін бағаның шарықтауын тудыруына тос­қа­уыл болмай ма деген тұжырым бар. Басқасы басқа, ас атасы – нанның баға­сына тұрақтылықты қамтамасыз ету қажет-ақ... 

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы