Мырзахметов айтқан ұшақты Сапарбаев ұшыра ма?
Мырзахметов айтқан ұшақты Сапарбаев ұшыра ма?
122
оқылды
Бүгінде Жамбыл облысының жаңа әкімі Берді­бек Сапарбаевқа бұқараның бойы үйрене бас­тады. Әкімдік қызметке кіріскеннен  демалыс күн­дері де дамыл таппай, ел ішінде жүрген азаматтың тірлігі тұрғындардың көңілінен шығу­да. Әсіресе, өткен жылдың жобалары жалғасын табатынына уәде еткен Бердібек Машбекұлының сөзі жұртшылықтың  жүрегіне жылу сыйлағандай. Әкім айтқанынан айнымай, өт­кен аптада қала құрылысы ке­ңесін шақырып, былтырғы жо­баларды тағы бір пысықтап тас­тады. Демек, жоспарлы жұ­­мыс діттеген жеріне жетеді де­­ген сөз. Алайда әкім ел ал­дын­­­­­дағы есепті жиынында да, ке­йін­гі басқосуларда да Асқар Мырзахметовтің «Мойынқұм ауданынан облыс орталығына ұшақ ұшырамын» деген жобасы туралы жақ ашпады. Тіліміз жазықты, әрине. Бәл­­кім, Бердібек Сапарбаев бұл жоба туралы білмейтін де шы­ғар. Олай дейтініміз, есеп­­­ті жиында жұртшылық та­ра­­пынан Меркі–Шу–Бу­­рыл­­байтал автожолы құры­лы­­сына қатысты сұрақ қо­йыл­­­ғанда әкім: «Мен бұл жол­­дың құ­рылысы туралы мүл­­де біл­мейді екенмін» деп, са­уал­­ға орын­басары Бекболат Орын­беков «жауап берсін» деп мең­зеген еді. Оған қоса, ай­мақ басшысы Мойынқұм мен Шу аудандарына әлі ат ба­сын бұрмағандықтан бұл мә­селеден бейхабар болуы да ық­тимал. Сондықтан тұр­ғын­дар­дың тілегіне құлақ түріп, Мыр­захметов «мөрін» басқан жо­баны жаңа әкімнің назарына сал­мақпыз. Жалпы, аталған жобаның бойына өткен жылы жан үр­лен­­ген болатын. Мойынқұм ау­данына іссапармен барған Асқар Мырзахметовтен жұрт­шы­лық кеңес өкіметінен қал­ған әуежайды жаңартып, ұшақ қатынасын қайта реттеуді сұ­ра­­­­ған еді. Елді мекенге бару жол қа­шықтығы мен сапасыз жол­­­дың жағдайын ескеріп, Мыр­­­­захметов Мойынқұмнан Тараз қаласына ұшақ ұшыруға уәде еткен. Тіпті, өзі бастап ба­рып, мамандармен әуе­жай­дың жай-жапсарын, оған қажетті құ­ры­лыстың дең­гейін зер­де­ле­ген бола­тын. Бұл жайында сол кез­де өңір­лік басылымдар сүйін­­­ші­леп, жарыса жазды. Ал Мо­йы­нқұм ауданының әкі­мі Мәден Мұсаев өңірлік ком­­­му­никациялар қызметі ала­ңын­да берген брифингінде Мойын­құм әуежайынан ұшақ осы жыл­дың 22 наурызында көкке көте­рі­ле­тінін айтқан-ды. Міне, нау­рыз айы да басталды. Алай­да атал­­ған елді мекеннен ұшақ­тың ұшқаны былай тұр­сын, әуе­­жайда құрылыстың исі де се­зіл­­­мейді. «Негізі кеңес өкіметінен қалған әуежайдың әуежолын жөндеу туралы тапсырма алға­ны­мыз рас. Алайда құжат­тар­дың дайын болмауына бай­ла­нысты жұмыс тұралап тұр. Негізі, барлық мәселе қара­­жатқа келіп тірелетіні бел­гі­лі. Биыл Мойынқұм ау­да­нын­да әлеуметтік маңызды ны­сандардың жобасын әзір­ле­­генімен, оған әуежайдың құры­лысын кіргізе алмадық. Се­бебі облыс әкімі ауысқаннан кейін аталған жобаның қолдау та­бар-таппасы белгісіз» дейді Мойын­құм ауданы әкімдігінің ма­мандары. Осылайша, Жазата ауы­лы­ның атқамінерлері ағымдағы жыл­дың құрылыс жоспарының тізіміне Мойынқұм әуежайын кіргізуге жүрексініпті. Өйтетін де себебі бар. Ауыс-түйіс болып жат­қан кезде кіші әкімдер әліп­тің артын бағатыны белгілі. Десе де, қазір қара халықтың күт­кен жобасының бірі осы әуежай болып тұр. – Былтыр Асқар Мырзах­ме­тов ауданға келіп, «Мойын­құм­нан Таразға ұшақ ұшырамын» дегенде төбеміз көкке жет­кен­­дей болған. Сол кезде әкім­дік­тегілер әуежай маңында түр­лі жұмыстарды бастап, сең қоз­ғалғандай көрінген. Алайда биыл бұл мәселе су сепкендей басылып тұр. Облысқа келген жаңа әкім Бердібек Сапарбаев осы мәселені жіті бақылауына алса, мойынқұмдықтардың алғысына бөленер еді, – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев. – Облыс орталығына жұмыс бары­сымен жиі қатынай­тын­дық­тан жол азабын сезініп жүр­ген бірден-бір адамның бірі – мен. Ұланбел жақтың жо­­лы дұрыстау деп жүрсең, Та­­разға дейін 80 шақырымдай жол­ды артық жүресің. Ал Шу жақ­пен шықсаң, ойдым-ойдым жол­мен жетемін дегенше, көлі­гіңнің сау жері қалмайды. Егер Мойын­құм әуежайы іске қо­сыл­са, уақытымыз үнем­де­ліп, тірлігіміз тез бітер еді, – дейді кәсіпкер Бауырлан Нұрділдә. Көптің тілегі – осы. «Жос­пар­­лы жұмыс жерде қалмаса екен» деген өтініш. Айтпақшы, Ас­қар Мырзахметов Мойын­құм­нан ұшақты Таразға ғана емес, Шу ауданы Төле би ауы­лы­на да ұшырамын деп уәде еткен еді. Әрі Тараздан кері шық­қан ұшақ Шу ауданына аял­­дап, Мойынқұм ауданына 1,5-2 сағаттың ішінде жетеді деп жоспарланған. Алайда Шу ауданының әкімдігі де аталған мәселеге қатысты еш ақпар айта ал­май отыр. Естеріңізге сала кетсек, 1966-1990 жылдар аралығында Мойын­құм ауылынан облыс орта­лығына «АН-2» және «ЯК-40» ұшақ­тары күніне екі рет ұшқан болатын. Аға буынның айтуынша, сол кездегі ұшу би­леті 10 сом болған көрінеді. Бү­гін­гі теңгеге шаққанда – 5 000 теңге. Қазір Тараздан Мойынқұм ауданына таксилер 3 500-4 000 теңге аралығында қаты­нап жатқанын ескерсек, егер әуе­тасымалы іске қосылса, ұшақ­пен ұшуға ниеттілердің са­ны артып жығылатыны айт­паса да түсінікті. Бәлкім, Бер­дібек Сапарбаев Шу мен Мойын­құм аудандарына жос­пар­лап отырған іссапары барысында аталған әуежайларға арнайы ат ба­сын бұратын шығар. Себебі қа­зір қара халық «Мырзахметов айт­қан ұшақты Сапарбаев ұшы­ра ма?» деген үмітпен қа­рап отыр.   Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы