Қазандықсыз қалса да, жылусыз қалмайды

Ұлытау облысы Қабанбай батыр ауылындағы жалғыз жылу қазандығы 50 жылдан аса жұмыс істеп, әбден тозығы жеткендіктен, былтыр жұмысын тоқтатқан еді.

Сондықтан да, биылғы қысқы жылу беру маусымын ауыл тұрғындарының көпшілігі алаң күйде қарсы алды. Өйткені бұрынғыдай орталықтандырылған жылу жүйесі жоқ, ал от жағып, күл шығаруға кейбірінің қалтасы жұқа, кейбірінің денсаулығы жарамайды. 

Бір тәуірі, ауыл іргесінде газ тарату торабы бар. Көгілдір отынның қызығын пай­далануға мүмкіндігі бар тұрғындар үй­леріне газ құбырын тартып,  қызығын кө­­ріп те жатыр. Дегенмен әлеуметтік жа­ғы­нан мемлекеттен жәрдем, көмек тілей­тін жандар да баршылық. Олар қайтпек? Үйлеріне газ тартуға өздерінің шамасы жет­песе, не істейді? Бұл мәселе Жезқазған қа­ласының әкімдігінде кеңінен талқы­лан­ды. Ақырында, қосымша шығын ке­л­ті­ретініне қарамастан, қалалық бюджеттен ауылдағы осал топтарға жататын тұрғын­дар­дың үйлеріне газ тартып беруді, қар­жы­ландыруды жөн санады. Сөйтіп, ауыл­дан көмекке зәру деген 133 отбасы анық­тал­ды. Олардың әрқайсына 250 АЕК кө­ле­мінде көмек көрсетілу ұйғарылды. 

– Әрине, әрбір тұрғынның жағдайы жан-жақты тексерілетін болады. Арнайы құрыл­ған комиссия  құжаттарды қарап, тиісті шешім қабылдайды. Егер талапқа сай келсе, міндетті түрде көмек көрсе­ті­леді. Қазірдің өзінде 80 отбасы комис­сия­ның оң бағасын алды. Бұл үйлерге газ құ­бырлары тартылып, қосылып та жатыр, – дейді Жезқазған қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Б.Әбенов.

Қабанбай ауылының байырғы  тұр­ғын­дарының бірі, жасы 90-ға тақаған жал­­­ғызбасты Любовь Губа әжей үшін кө­мір түсіру, от жағу мүмкін емес еді. Жылу қа­зандығының жұмысын тоқтатқанын да естіген. «Қыстыгүні қайтер екенмін?» деп жүргенде «бізді әкімдіктегілер жіберді» деген екі-үш жігіт келіп, үйге газ жүйесін жүргізіп берді. 

– Мұндай қуанбаспын. Жағдайымды ай­тып ешқайда да барған емеспін.  Біз ке­шегі кездері сан қиындықты бастан өт­­­кердік қой. Сондықтан өз басым  «анау ке­рек, мынау керек» деп биліктегілердің ма­засын алуды артық санайтын адаммын.  Бұдан жаманымызда да тойға барғанбыз, елмен бірге көрермін деп жүргенмін. Көр­мейсіз бе, Құдай қалай жеткергенін, – де­ген әжей бізбен әңгімесінде қала, облыс бас­шылығының атына алғыс, рахметін жау­дырды. Қабанбай ауылындағы 25 от­ба­сы әзірге  көгілдір отынның қыз­метінен ба­с тартып отырған көрінеді. 

– Өйткені біздің аймаққа көгілдір отын енді ғана келіп жатыр. Сондықтан оның келешегіне күмәнмен қарайтындар да, газға қосылу құнын қымбат санай­тын­дар да, үйлерін бұрынғы үйреншікті жол­мен, яғни көмірмен жылытуды қош көре­тін­дер де баршылық. Біз өз тарапымыздан тү­сіндіру жұмыстарын одан әрі жүргізе бере­тін боламыз, – дейді Жезқазған газ шаруашылығының директоры Ғани Күл­шімбаев.

Ең бастысы, Қабанбай ауылы қазан­дық­сыз қалса да, алдағы қыста жылусыз қал­майды. 

 

Майлыбай КЕТЕ, Жезқазған қаласы