Алматыдағы Ұлттық кітапханада көрнекті түрколог-ғалым, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Шора Сарыбаевтың 95 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстел өтті. Шараны ғалым қызмет етіп, шәкірт тәрбиелеген Қайнар академиясы ұйымдастырды. Бұл күні ел ғылымы мен біліміне өлшеусіз үлес қосып, отандық тіл ғылымының халықаралық деңгейде танылуына, түрік дүниесінде өзіндік орнын алуына елеулі еңбек сіңірген ғалымның тағылымдық-танымдық еңбектері мен ғұмырлық ғибраты туралы оның көзін көрген, бірге жүрген әріптестері, ізбасар-шәкірттері әңгіме айтты. Академик Ш.Сарыбаевтың тұлғалық келбетін жан-жақты қарастыру үшін ғалымның еңбектерінің мәнін терең түсіну керек. Оның қазақ тілінің өзекті салаларының, атап айтқанда қазақ тілі тарихы, диалектология, лексикология, лексикография, грамматиканың көкейкесті мәселелерін көтерген 300-ден астам ғылыми мақалаларындағы, монографиялық еңбектердегі, оқулықтары мен сөздіктеріндегі қарастырылған зерттеулерін терең зерделеу қажет.
«Шора ағамыз өте әмбебап кісі еді. Абай айтқандай, ақырын жүріп, анық басатын». Түркі академиясының президенті болып тағайындалғаннан кейін көп ұзамай Шора ағамызға амандасуға келдім. «Рәбиға Сыздықова апамыздың, Әбдуәлі Қайдар ағамыздың кітапханасын Түркі академиясының кітапханасына алдық. Қатар жүрген үш тұлғасыздар, сіздің де кітапханаңызды Түркі академиясына алсақ» деген тілегімізді жеткізгенімізде, ол кісі «Мен әлі ғылымнан қол үзген жоқпын» деген болатын. Бірақ ағамыз үйін аралатып көрсетті. Музей аралағандай болдық», – деді Халықаралық түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі.Шора Шамғалиұлының еңбек кітапшасында екі-ақ мекеме бар. Біріншісі – А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты болса, онда 50 жыл жұмыс істеген. Кейінгі 18 жылында Қайнар университетінде қызмет етті. Ғалым – әдемі қартаюдың үлгісін көрсетіп кеткен абыз қария. Ол – жұмыс үстелінің үстінде отырып өмірден озған кісі. Тоқсаннан асса да әлі талай еңбек етем деген мақсаты болды.
«Шөкеңді өте жақсы білем деуге болады. Ол кісі өнерге, мәдениетке өте жақын еді. Еуропа, шығыс тілдерінде жақсы ән айтатын. Шөкең анекдотты тыңдарманға жеткізіп айта білетін. Екі мыңға жуық анекдоттың басын құрастырып, жинақ шығарған. «Бізге ауырсаңдар дәрі ішудің керегі жоқ, ауруды күлкімен емдеу керек. Күлкі терапиясын пайдаланған жөн» деп отыратын. Күлкінің 70 түрін ашқан. Ол қандай талантты, ұлы болса, өмірде сондай сыпайы және қарапайым болатын», – дейді А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас қызметкері Зейнеп Базарбаева.Бұл күні Сарыбаевтар династиясының қазақ өміріндегі орны да айтылды. Талғат Сарыбаев – талантты музыкант, сазгер-әнші болса, Болат Сарыбаев қазақтың көне аспаптарын жинап, музей ашқан. Ұлы Қайрат – белгілі мемлекеттік қызметкер және дипломат. Қызы Майра – белгілі ғалым. Бұл династия қазақ рухани өміріне өлшеусіз үлес қосып келеді. Шора Сарыбаев – шәкіртке бай ұлы ұстаз. Артында іздеушісі болып жүрген шәкірттерінің арқасында ғалымның 95 жылдық мерейтойы да өз деңгейінде атап өтілуде. Өмірінің соңына дейін ізденісте болған ғалымның әлі де бұрын еш жерде жарияланбаған еңбектері баршылық. Сондықтан Сарыбаевтың шын келбетін ашу істері енді ғана басталды деуге болады. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ