Қазақстан құрамасының жанкүйерлері Даниямен ойыннан кейін стадионда қоқыс жинап кеткен

Қазақстан мен Дания арасындағы ойыннан кейін жанкүйерлер стадионнан қоқыстарын жинап кеткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Stan.kz жазғандай, қоқыс жинап жатқан жанкүйерлердің видеосын блогер Артур Асқарұлы жариялады. Кадрлардан Қазақстан туын ұстаған адамдардың ретпен жүріп, қағаз және пластик стакандарды, тамақ қаптамаларын жинап жүргенін көруге болады. 

Даниялық жанкүйерлердің бірі Қазақстан құрамасында "қолдау ең жоғарғы деңгейде" екенін жеткізген. 

"Сендер Қазақстанда, ал біз осы жақта жеңдік", – деді ол.

Айта кетейік, Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінің жетінші турында Қазақстан құрамасы Дания құрамасынан жеңіліп қалған еді. 

Ойында алғашқы есепті Дания құрамасы ашты. 48 минутқа дейін Дания құрамасы Қазақстанға үш гол салды. 

36 мин – Йонас Винд (1:0)

45+2 мин – Роберт Сков (2:0)

48 мин – Роберт Сков (3:0)

Ойынның 58-минутында қазақстандық Роман Вороговский ел құрамасының ойындағы алғашқы және соңғы голын соқты. Осылайша 3:1 есебімен жеңіліп қалды.