Қытайлық Xiaomi корпорациясы автоөндірушілермен бірлесіп, өзінің брендімен электромобильдер шығаруды бастамақшы. Бұл туралы Bloomberg хабарлаған жаңалыққа сілтеме жасай отырып, Aikyn.kz қытайлық электромобиль нарығы тағы қандай модельмен толатынын талдайды.
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Xiaomi Қытайдағы электромобиль өндірушілердің бірімен серіктестік орнататынын хабарлады. Қытай билігі электр қозғалтқышы бар автокөліктерді шығаратын компаниялардың санын азайту саясатын жүргізіп, жаңа компанияларға рұқсат беруді қиындатқан.
Инсайдерлердің айтуынша, компания Қытайда электромобиль шығаруға шектеу қойылуына байланысты серіктес табу мақсатында Brilliance және Chery компанияларымен келіссөздерді бастаған.
Бұрын Қытайда электромобиль саласын дамытуды мемлекет жақсы ынталандырды, бірақ кейін – нарықта көптеген ойыншылар пайда болғаннан кейін – билік жаңа өндірушілердің қызметін шектеуге шешім қабылдады.
«Бұл нарыққа кіруге ұмтылатын нарық қатысушыларының лицензиясы бар өндірушілермен серіктестік орнатуға немесе бизнес-жоспарларын толығымен өзгертуге мәжбүрлейді», – дейді Bloomberg журналистері.
Xiaomi компаниясы үшін жеке электр көлігін шығару жоспары өте маңызды. Бұған дейін корпорация басшысы Лей Цзюнь жаңа бизнеске 10 миллиард доллар инвестиция салуға уәде берген. Серіктес орнату бойынша Xiaomi, Brilliance және Chery түсініктеме беруден бас тартқан.
Қаңтар айының басында Xiaomi электромобилінің прототипі өте төмен температурада сыналды. Көліктерді Қытайдың солтүстігіндегі полигонда сынақтан өткізу кезінде компания басшысы Лей Цзюнь де қатысқан. Xiaomi 2020 жылы Alibaba Group-пен бірлесіп Xpeng P7 электрокөлігін шығаруды жоспарлағаны белгілі.
Жаңа Xiaomi 14 Pro туралы мына видеода: