Қоғамдық бақылаудың жаңа тетігі

Тура екі апта бұрын, 2 қазанда ел Президенті «Қоғамдық бақылау туралы» және оған ілеспе заңдарға қол қойды. Ертесіне, 3 қазанда актілер баспасөзде ресми жарияланды. Алайда ел тарихында алғаш рет қабылданған, халықтың петиция беруін заңдастыратын заңдар сол бойы күшіне енбеді. Неге?

Атап өтер жайт, Президенттің Жолдауына сәйкес әзірленген «Қоғамдық бақылау туралы» заңын­да петиция деген бір сөз таба алмайсыз. Бірақ Сенаттың Әлеу­меттік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Руслан Рүстемовтің түсіндіруін­ше, бұл заң соған қажетті ұстын­дарды, қо­ғамдық бақылаудың негіздерін түзеді, мемлекеттік органдардың ашықтық дәрежесін кеңейтіп, азаматтардың қоғамдық белсенді­лігін арттыруға ықпал етеді. 

Ал петицияға ілеспе заң – «Кейбір заңнамалық актілерге қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңы арналып отыр. Оған да Мемлекет басшысы 2023 жылғы 2 қазанда қол қойды.

Құжаттың басты жаңалықтарына тоқ­талсақ. 

Біріншіден, ол заңнамаға петиция ұғымын енгізді. 

Екіншіден, енді Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте петиция­ларды беру және қарау тәртібі регла­менттелді. 

Үшіншіден, қазақстандықтар өз нара­­­­зылықтарын Alash.online, Change.org сияқ­­­­ты мамандандырылған порталдар арқылы петиция түрінде білдіріп жүр. Алай­да жаңа заңға сәйкес, осы және басқа порталдардағы петициялар назарға алын­­­­­байды. 

Петицияны тек Қазақстан азаматтары және тек арнайы интернет портал арқылы ғана бере алады. Ол қандай арнайы пор­­­тал? Алдағы айда Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Петиция беру үшін интернет-ресурсты айқындау тура­­­лы» бұйрыққа қол қояды деп күтілуде. Ми­­­­нистр­­­­­­ліктің хабарлауынша, бүгінде «Элек­­­трондық жолданымдар–Электрон­­­ные обращения» ақпараттық-талдау жүйе­­сін Қазақстан азаматтарының петиция жол­­­дауына арналған интернет-ресурс ре­­­тінде айқындауға шешім қабылданыпты. 

Төртіншіден, әрбір петиция жария­­­ланбас бұрын уәкілетті органның мұқият модерациясынан өтеді: петицияның заңда бекітілген шарттарға сәйкестігі тексе­­­ріледі. 

Бесіншіден, билік петицияда көте­­­­рілген мәселелерді міндетті түрде қарауы үшін ол барынша көп дауыс жинауы шарт. Аудандық деңгейдегі әкімдіктер құзы­­ретіне жататын мәселелер бойынша пети­циялар – халқы 50 мыңнан асатын елді мекенде кем дегенде 2,5 мың дауыс, қалғандарында халық са­­­нының кемінде 5%-ының қолдауын алуы тиіс. Аудандық деңгейдегі мәслихаттар құзыретіне жата­­тын мәселелер бойынша – халқы 50 мың­­нан асса, 5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 10%-ы болуы шарт.

Облыстық деңгейде әкімнің құзырына кіретін поблемалар бойынша халқы 50 мыңнан асатын елді мекендерде 5 мың дауыс, қалғандары үшін халқы санының кемінде 10%-ы болуы керек. Облыстық деңгейдегі мәслихаттар қарайтын мәсе­лелер бойынша – тұрғындардың кемінде 2%-ының даусы болуы қажет. 

Ал республикалық деңгейде Үкімет өкілеттігіне кіретін мәселелерді қаузайтын петициялар кемінде 50 мың дауыс жинауға міндетті. Одан төмен болса, билік елеусіз қалдырады.

Алтыншыдан, қазіргі кезде азаматтар қызбалыққа салынып, эмоцияға беріліп, әлдебір тақырыпта петиция жариялап, со­ңынан оны ұмытып кетуі мүмкін. Жаңа тә­жірибе бойынша петиция авторы сол үшін жауапкершілік арқалайды. Оған құ­зырлы органнан қоңыраулар шалынуы мүмкін. Мысалы, петицияны жан-жақты қарау мақсатында мемлекеттік орган петиция авторын өзіне шақырып, әңгіме­леседі. Меморган шешімінің жобасын жария талқылау ұйымдастырылады, жеке комиссия немесе жұмыс тобы құрылады, олар автормен бірге оқиға, жоба орнына барады. Мұндай шаралар петицияның қоғамдық мәртебесі мен маңызын артты­­руға мүмкіндік беретін көрінеді.

Жетіншіден, әрбір петиция бойынша шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы, яғни министр қабылдайды.

Заң жобаларына бастамашы болған Парламент депутаттарының пікірінше, осы­­­ның бәрі азаматтардың мемлекет істе­рін тікелей басқаруға қатысуына жағдай жасайды.

Шектеулер саны шектен шықты

Дегенмен жаңа заңда петицияға қа­тысты шектеулердің көптігі қоғамдық ре­зо­­нанс тудырды. Мысалы, журна­листерге тү­сініктеме берген Мәдениет және ақпа­­рат министрінің орынбасары Данияр Қа­дыров қазақстандықтардың бұдан былай әкімдер мен министрлердің отстав­­касын талап етіп, петиция бере алмайтынын ескертті. Әйт­песе, бұған дейін азаматтар Алматы әкімі Ерболат Досаевтың, Ас­­­­­та­­­­наның экс-әкімі Ал­­тай Көлгіновтің, Шы­ғыс Қазақстан облысының экс-әкімі Да­ниял Ахметовтің және басқа басшы­­­лар­­дың жұмысына нара­­­зылықтарын ашық біл­­­ді­р­ген болатын. Бі­раз Мәжіліс де­­­­­­­­путатының мандатын д­о­ға­­­ру туралы петициялар көп қол жинады.

«Қазақстанда әкімдер мен министр­­­­лерді кім тағайындайтыны және орнынан алаты­­­ны заңнамада нақты бекітілген. Бұл Прези­­­денттің, Парламенттің, Үкіметтің қарауын­­­дағы мәселелер. Сондықтан қа­зақ­­­­­стан­­­­дықтар әкімдер мен министр­­­лер­дің отставкасына қатысты петиция бере алмайды. Заң бар, Президенттің құқығы бар. Басқа мәселелерге петиция жария­­лауға рұқсат. Президенттің, Парламент пен Үкіметтің құрамына кірмейтін лауа­зымға қатысты болса, ол петиция ретінде қабыл­­­данып, қаралады», – деді вице-министр.

Алайда жаңа, ілеспе заңда петиция ұсынуға жол берілмейтін 17 шектеу тар­мағы бар. Атап айтқанда, адамның құ­­­­қықтары мен бостандықтарын бұзуға соқ­тыруы мүмкін тақырыптағы петиция­­лар қа­­­был­данбайды. 

Конституциялық құрылысқа, қоғам­­­дық тәртіпке, халықтың денсаулығы мен иман­­­дылығына нұқсан келтіруі мүмкін мәселе­лерге де тыйым қойылды. Бұл жер­де қанды қаңтарға, пандемияға, анти­ваксерлерге қатысты түйткілдер ескерілсе керек.

Ең бастысы, «Қазақстанның тәуелсіз мем­лекет ретіндегі мәртебесін, республи­­­ка­ның біртұтастығы мен аумақтық тұтас­ты­­ғын, оны басқару нысанын, Қазақстан Республикасы Президенті 7 жыл мерзімге сайланады және бір адам бір реттен артық Президент болып сайлана алмайды деген ережелерді өзгертуге, Қазақстанның әкім­­­шілік, аумақтық құрылысы мен Мемле­­кеттік шекарасына, Мемлекеттік тілге» қа­тысты петицияларға рұқсат жоқ. Мұнда халықаралық күрделі геосаяси ахуал, сепаратизмнің белең алуы ескерілгені бай­қалады. Сол себепті, дәл осы талап­тарға ешкімнің қарсылығы болмаса керек.

Әйткенмен, шектеулердің бірқатары  ел қауіпсіздігіне жауапты органдардың жұмысына кедергі келтірмеуге бағыттал­ған. Мысалға, сот ор­­гандарына, күш құрылымдары мен құ­­қық­­ қорғау орган­дарына, прокуратураға, ұлттық қауіпсіздік, сыртқы барлау, қарсы барлау, жедел іздестіру органдарына, ар­­­найы кү­­­зеті­­­­летін тұлғалар мен объектілерге пети­циямен тиісуге болмайды. 

Заң Президенттің, Мәжіліс пен Сенат­­­тың, Үкіметтің қарауындағы адамдарды лауазымға тағайындау, сайлау немесе от­­став­­­каға жіберу туралы петицияларға ты­йым салды. Жалпы, қазақстандықтарға енді сайлау және референдум туралы заң­дармен реттелетін мәселелер, билік орган­­­­дарының құзырын, өкілеттігін, функ­ция­­­лары мен міндетін өзгерту бойынша пе­­ти­­­­­­­­ция жазуға болмайды. 

Түсініксіз тұстар елді түңілтпей ме?

Сарапшылардың пікірінше, заңның тә­жірибеде қалай жүзеге асқанына қарай болашақта оны қайта қарап, пысықтау қа­­­жет болады. Мысалы, заңда петиция жа­рия­­ланған соң оған кем дегенде 50 Қазақ­стан азаматы 10 жұмыс күні ішінде эле­к­­­­­тронды түрде немесе 20 күн ішінде жазбаша түрде қолдап, қосылуға тиістігі көрсетілген. Бұл қалай жүзеге асырылады? Халықтан хат-хабарды кім қабылдап оты­рады? Заңда ол жағы айтылмаған.

Мұның сыртында егер порталда дәл сол тақырыпта басқа петиция болса, ұқсас мә­­селені көтеретін петиция беруге де ты­йым салынады. Ал бұл үлкен ауқымдағы дерек­­терді (Big Data) талдауды, әр өтінішті бұ­­рынғы петициялармен салыстырып, егжей-тегжейлі қарауды, сол үшін ма­­мандардың жеке штатын жалдауды қажет етеді. Себебі әлеумет, экология, коррупция сияқты аталымдар немесе жалқы есімдер бойынша электронды іздеу ұқсас­­тық­тардың көптігін көрсетері даусыз. Онда жаңадан бірде бір петиция жариялау мүмкін болмайды.

Саяси менеджмент және техноло­гиялар институтының басшысы, әлеумет­тік жоба­­­лардың авторы Уәлихан Тұрар­­бек­ұлы пети­цияларды қарау уақытының тым ұзаққа созылатынын қаперге салды. Салдарынан, ол тақырып өзекті болмай қалуы немесе халық қарсы жобаны ше­неуніктер едел-жедел іске қоса қоюы мүмкін.

Мәселен, уәкілетті орган кем дегенде 50 адам қосылған күннен бастап, 20 жұ­мыс күні ішінде петицияның талаптарға сәйкестігін қарауға кіріседі. Тексеру аяқ­­тал­­­ғаннан кейін оны түрлі сылтаумен авторына кері қайтаруы мүмкін. 

Егер барлық сүзгіден өте алса, петиция арнайы порталда жарияланады. Әрі қарай мәселені биліктің қарауы үшін қажетті көлемде, мысалы 50 мың дауыс жинауына 6 ай беріледі. Егер белгіленген көлемде қол жинаса, Үкімет, әкім немесе мәслихат мә­­се­­­­­лені жарты жылдан соң қарауы мүм­кін. Комиссия, жұмыс тобы құрылады. Сон­да бас-аяғы 7–9 айға дейін уақыт өтетін түрі бар. 

Сарапшылар қабылданған петиция туралы заңның күшіне енуі алты ай кейін­ге, яғни келесі 2024 жылға қалғанын жет­кізді. Бүгін­­­­де Мәдениет және ақпарат министр­­лігі Петицияны қарау нәтижелері бойынша шешімнің нысан-формасын, Петиция­­­ларды тіркеу және есепке алу қағидаларын, Петициялар бойынша жаз­­­ба­­­­­­ша арыздардың нысандарын және басқасын бекітетін бұй­рық­тардың жоба­­­ларын пысықтап жатыр. 

«Заң петициялар тақырыптарының ая­сын қатаң шектеп тастады. Бірақ жоқ­­тан ба­ры жақсы. Петициялардың заңдас­­­ты­­­­рылуының өзі алға қадам. Дәл осы инс­титут елде экологиялық проблема­­­­лар тудыратын ірі кәсіпорындар мен инвес­­­торларға қарсы қолданылатынға ұқсайды. Бұл тетікті бір мандатты депутаттар мен халық сайлаған әкімдерді кері шақырып алу үшін де қолда­­ну керек. Өйткені Парламент пен мәсли­хаттарға бірман­­­­дат­ты депутаттар сайланды. Әкімдер сайлауы да өтіп жатыр. Бірақ билік халыққа әлі күнге дейін өз депутаттарының мандатын кері алып қою құралын бермей отыр», – деді У.Тұрарбекұлы. 

Петицияны жақтаған 50 мың адамның бәрінің дауыс беру құқығының барын, ақыл-есінің дұрыстығын, арасында сот әрекетке қабілетсіз және әрекетке қа­білет­­­­тілігі шектеулі деп таныған адам­дардың бол­мауын, ол қатарға шетелдік азаматтығы барлардың еніп кетпеуін анықтау орасан зор уақыт, қаржы және кадр ресурсын та­­лап етеді. Ендеше қо­ғам­дық бақылау тетігін жетілдіруге ба­өғыт­талған заң әлі де жетілдіруді қажет етуі мүмкін. Ол да қоғамның дамуымен бірге жүретін үрдіс. Бастысы халықтың өз үнін билікке жеткізетін ресми жаңа құрал пайда болды.

Елдос СЕНБАЙ