Жәнібектің жарқын жеңісі

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпионы атанды. Ол (15-0, 10 КО) АҚШ-тың Техас штаты Розенберг қаласында өткен бокс кешінде германиялық былғары қолғап шебері Винченцо Гуальтьериді жеңіп, WBO және IBF санаты бойынша орта салмақта екі белбеу иеленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыны жарқын жеңісімен құттықтады.

«Жәнібек Әлімханұлын WBO және IBF тұжырымдарынан әлем чемпионы атағы үшін өткен жекпе-жектегі жарқын жеңісімен құттықтаймын. Жәнібек қазақ бокс мектебінің жоғары деңгейі мен мықтылығын әлемге тағы да паш етті. Бұл жеңіс бокспен айналысатын жастар­ды биік белестерді бағындыруға ынталан­дырады. Сізге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін. Жеңістен жеңіске жете бе­ріңіз!», – деді Президент.  

Әлімханұлы-Гуальтери айқасы – Розенбергтегі (Техас штаты) Fort Bend Community Center аренасындағы бокс кешінің жарқын оқиғасы болды. 30 жас­тағы Әлімханұлы кәсіпқой бокста 14 ай­қас өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен. Әуесқой бокста 2013 жылы әлем чем­пионы атанса, 2013-2014 жылдары Азия чем­пионы болды. 10 рет қарсыласын но­каутқа түсірген. Ол 2022 жылдың 5 мамырында британдық Дэнни Дигнумды нокаутқа жіберіп, әлем чемпионы атан­ған еді. Қазақстандық боксшы титулын екі рет қорғады: біріншісінде төрешілер шешімімен британдық Дензел Бентлиден басым түссе, екіншісінде канадалық Стивен Батлерді нокаутпен жеңді. 

Ал Жәнібектің бұл ойындағы қарсы­ласы Гуальтьеридің де жасы 30-да болды және ол да кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген. Қоржынында 21 жеңіс (7 нокаут) пен бір тең есеп бар. Ол 1 шілдеде Бразилия өкілі, 2012 жылғы Олимпиада финалисі Эскива Фалькаоны сенса­циямен жеңіп, титул иегері атанған болатын. Аталмыш жекпе-жек германия­лық боксшының АҚШ-тағы дебюті болды. WBO және IBF санаты бойынша орта салмақта екі белбеуді сарапқа салған жекпе-жек алтыншы раундта аяқталды – Жәнібек қарсыласы Винченцо Гуаль­тьериді техникалық нокаутқа жіберіп, кәсіпқой бокста он бесінші жеңісіне қол жеткізді. Осылайша, қазақстандық спортшының  жүлделер саны WBO және IBF белбеулерімен толықты.

Германиялық былғары қолғап шебері Винченцо Гуальтьери (21-1-1, 7 КО) жекпе-жектен кейін пікірін білдірді. 

«Жекпе-жекті ерте тоқтатты деп ойлай­мын, дегенмен қарсыласым менен қуатты болды, соққысы ауыр. Жәнібекті бұл айтулы жеңісімен құттықтаймын! Сондай-ақ спорт кешін тамашалауға келген бокс сүйетін жанкүйерлерге алғыс білдіремін», – деді ол. 

Жерлесіміз де жарқын жеңісінен соң мәлімдеме жасап, келесі жекпе-жекті ақпан айында өткізгісі келетінін айтты. Төрт титулды біріктіру ниетін білдірген чем­пион Top Rank  промоутерлік компа­ния­сы ендігі қос белбеудің жекпе-жегін  ұйымдастыруға көмектесетініне сенім білдірді.

«Барлық төрт белдікті алғанша жеңіс тойлай алмаймын. Енді маған WBC және WBA атақтары керек! Ақпан айында жұдырықтасуға дайынмын. Өз титулым­ды қайта қорғағым келмейді. Маған басқа белбеулер керек. Кез келген чем­пион­ды нокаутқа жіберемін!», – деп жазды боксшы Twitter парақшасында. 

Бүгінде орта салмақтағы WBC белбеуі америкалық Джермелл Чарлода (32-0, 22 КО), ал WBA белбеуі кубалық Эрисланди Ларада (29-3-3, 17 КО).

Асыл ТҰМАР