Атырауда қала тұрғындары Жайық жағалауына спорт және ойын алаңдарын салып алды

Жайық жағалауында спорт және ойын алаңы ашылды.

Атырауда қала тұрғындары мен кәсіпкерлер бірлесіп, Қ.Мәмекұлы көшесіндегі Жайық жағалауында футбол алаңдарын, спорт және ойын алаңын ашты. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру әрі салауатты өмір салтын ұстануға үндейтін бастаманың жүзеге асуына жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлерді  Qoǵamdyq keńistikter  жобасы ұйымдастырып отыр.

 Qoǵamdyq keńistikter  жобасына қатысу бізге 100-ден астам баланың физикалық тұрғыдан дамуына, спортпен шұғылдануына және футбол ойнаудан ләззат алуына мүмкіндік берді. Біздің кәсіпкерлер тобы шағынаудан тұрғындары мен белсенділерімен бірлесе отырып, осы маңызды жобаны жүзеге асыруға бар күш-жігерін салды. Бұл бастама жастардың физикалық дамуына ықпал етіп қана қоймай, көршілермен тату қарым-қатынастың орнауына ықпал етеді деп сенемін»,  дейді жоба жетекшісі Руслан Жұмахметов.

Қажетті құралдармен жабдықталған алаң бір мезгілде балаларға, жасөспірімдерге және ересектерге спортпен белсенді түрде айналысуға, смартфондар мен компьютерлерден бір сәтке болса да демалып, көршілермен көбірек әңгімелесуге  мүмкіндік беріп отыр.

Еске сала кетелік, Орталық Азияның Еуразия қоры жүзеге асырып отырған әлеуметтік жоба   Qoǵamdyq keńistikter аясында биыл Атырауда барлығы 30-ға жуық осындай спорт алаңы ашылды.

 

Баян Жанұзақова