Қазақстан-Финляндия - 2:1. Сенсация!

Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысында Қазақстан құрамасы сегізінші ойынын Финляндияға қарсы өткізді.

Кездесу барысында құрамалар алғашқы минуттан шабуылға көшті. Екеуіне де жеңіске жету өте маңызды болатын. Қоржынға үш ұпай салған құрама әлі де құрлықтық дода финалдық сатысына берілетін жолдамаға таласатын құрамалар қатарына қосылатын еді. Бұл туралы Aikyn.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Ойынның 28-минутында финляндиялық Роберт Тэйлор есеп ашып кетті. Қазақстандық футболшылар бірінші кезеңде таразы басын теңестіруге ұмтылды. Дегенмен таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

Екінші кезеңде де қос құрама алма-кезек шабуылға көңіл бөлді. Ойынның 76-минутында финляндиялық қорғаушылар өзінің айып алаңында қолмен ойнап, төрешілер пенальти белгіледі. Оны қазақстандық Бактиер Зайнутдинов мүлтіксіз орындап, таразы басын теңестірді. Ол 90-минутта әуелеп келген голды қақпаға енгізді. Осылайша ұлттық құрама жейдесіндегі 14 голын соғып, сұрмергендер көшін бастады. Нәтижесінде бұдан бұрын 13 гол соққан Руслан Балтиевті артқа тастап кетті.

Осылайша Қазақстан қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті. Олар әлі де Еуропа чемпионаты финалдық сатысына берілетін жолдамаға таласатын мүмкіндікке ие болып отыр.