Жол апаты: Автобус жеке үйдің қабырғасын тесіп, ішіне кіріп кеткен

Апат салдарынан автобустың бірнеше жолаушысы жарақат алып, оларға медициналық көмек көрсетілді.

18 қазан күні Түркістан қаласы қиылыстарының бірінде жолаушылар көлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды, – деп хабарлайдыAikyn.kz.

"Отырар" телеарнасының жазуынша, оқиға орнына келген полицейлер «Хундай Акцент» автокөлігі № 17 маршруттағы жолаушылар автобусымен соқтығысып, нәтижесінде автобус жеке үйдің қабырғасына кіріп кеткенін анықтады.

Апат салдарынан автобустың бірнеше жолаушысы жарақат алып, оларға медициналық көмек көрсетілді. Сондай-ақ үйде егде жастағы ер адам болған. Оның денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ. Қазіргі уақытта осы факті бойынша ҚР ҚК 345-бабымен «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.