Ұлықбек Тұмашинов: Өңірлерді дамытуға серпін беру керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында елімізді аумақтық дамытудың жаңа тәсіл­дерін енгізу керек екенін айтып келеді.

Жаңа тәсілдер қалалар мен шалғай аудандардағы өмір сүру сапасын арттырып, сондай-ақ өңір­лік экономиканың дамуын ынталан­дыра­ды.  Иә, өңірлер өркендесе, тұтас ел де көр­кейе түсері сөзсіз. Осы ретте аталған мәселе бойын­ша Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, Мәжіліс де­путаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ұлықбек Тұмашиновтен сұхбат алған едік. 

– Ұлықбек Шабданұлы,  бүгінде өңір­лерді дамыту дегенде ең алдымен ай­мақтардағы жұмыссыздық, тұрғын үй жеткіліксіздігі, жол сапасы, ин­тер­нет, ауыл шаруашылығының жай-күйі ес­ке түседі. Аталған мәселелерді ше­шу­дің қандай жолдарын ұсынар едіңіз?

– Әр өңірдің өзіне тән ерек­ше­лік­тері мен айырмашылықтары болады.   Кей­бір өңірлер мал шаруашылығына, кейбір өңірлер егін шаруашылығына ың­ғайлы болып келеді. Тарбағатай, Зай­сан, Марқакөл, Күршім аудан­да­рын­да мал бағуға ыңғайлы болса, ал Қа­тон-Қарағай, Алтай сынды қарлы ай­мақтарда біріншіден, мал жаятын жер­лер де жоқ, екіншіден, қары қа­лың, қысы ұзақ. Сол өңірлердің ерек­ше­ліктеріне сай дамыту бағыттарын ай­­қындап алған жөн. Енді мен өзіме та­­ныс Шығыс өңіріне тән мәселелер тура­­лы айтсам болады. Әрине, әлі де ше­­шімін таппаған, жүйелі жұмысты та­­лап ететін мәселелер барлық өңірде бар. Соның ішінде өзге өңірлер секіл­ді Шығыс Қазақстанда да жол проб­ле­масы әлі күнге өзекті болып отыр. Мы­салы, «Қалбатау – Майқапшағай» ав­томобиль жолдары. «Қалбатау – Май­қапшағай» бағыты бойынша 415 ша­қырымдық жол бүгінгі күнде Абай об­лысы бойынша  197  шақырым,   Шы­ғыс Қазақстан облысында 218 ша­қырымды құрайды. Жолдың салы­нып жатқанына 7 жыл болса да, әлі күнге дұрыс жұмыс істелініп жатқан жоқ. Жобалардың қымбаттауы бар, кейбір жерлерін қайтадан қарады, жос­парларын жасады. Бірақ менің әлі көңі­лім толып отырған жоқ.  Себебі Абай облысының Көкпекті, Ақсуат ау­дан­дары, Шығыс Қазақстанның Тар­бағатай, Зайсан, Марқакөл аудан­дары не ауруханаға, не тауар тасы­ма­лына қатынаса алмай отыр. Бүгінде «Майқапшағай»  кедені жұмыс істеп тұр,  транзиттік жүк  тасымалдаушылар ап­талап осы жолдың  бойында қиын­дық көруде. Екінші, «Өскемен – Ал­тай – Рахман қайнарлары» ав­то­жо­лы. Өскеменнен Рахман Қайнарына дейін 450 шақырым. Бұл – шығыстағы ең күрделі әрі қиын жол. Сондықтан үнемі күтіп-баптауды қажет етеді. Бастапқыда жұмыс қарқынды жүрген. Кейіннен сиырқұйымшақтанып кет­ті. Ондағы асуларда жол жөнді жа­са­лын­баған. Әсіресе, әйгілі Осинов асуы­нан қыста көліктер өте алмайды, ауыр жүктер тасымалдау қиынға түсе­ді. Бірақ ол жолдың да шешімі табы­лып келеді. Құжаттарын қайта қарап, қаржы қарастырылып, келесі жылдан бастап қарқын алады деп күтіліп отыр. Аталған жол құрылыстары ше­ка­ралық аудандардың инфра­құры­лымы. Міне, осы жолдардың мә­се­ле­лері шешілуі керек. Одан бөлек, Ри­д­дер қаласындағы проблемаларды бар­лығымыз көріп-біліп отырмыз. Ор­талық жылыту мекемесінің апаты­нан былтырғы қыс сондағы тұрғындар үшін өте қиын болғанын білесіздер. Сол мәселенің де басы-қасында бо­лып, көмектесіп жүрдім. Енді биыл бір­шама жұмыс атқарылып, қазан­дық­тары жөнделіп, қазірдің өзінде жылу беріліп жатыр. Ол жақта да жол­дың мәселесі бар.  

– Жолдан бөлек, бүгінде Шығыс Қа­зақстанда көпір мәселесі де бар емес пе? Мемлекет басшысы  Бұқтырма  су қой­масының  үстінен  көпір салуға тіке­лей тапсырма берген еді. Осы көпір мә­селесі қалай шешіліп жатыр?

– Рас,  Шығыс Қазақстанда көпір мә­се­лесі де күн тәртібінде тұр. Бүгінде Күр­шім, Тарбағатай және Зайсан ау­дан­дарының логистикасын түбегейлі өзгертуге мүмкіндік беретін, еліміз үшін бірегей көпір құрылысы салы­нып жатыр. Бұл көпір құрылысы жер­гі­л­ікті жұрттың талай жылғы тілегі еді. Қаржы жетіспеушілігіне бай­ла­ныс­ты бұл құрылыс республикалық бюд­жетке ауысты. Негізгі көпір салы­ну үшін астына уақытша көпір салы­нып жатыр. Егер салынып бітсе, ай­мақ­тағы туризмге жаңа серпін бермек. Со­нымен қатар Шығыс Қазақстанда кен байлығы жағынан сирек кез­де­се­тін металдар өндіріледі. Алтын, те­мір, мыс, күміс, неше түсті металдар шы­ға­ды. Сол кен орындарын тиісті дәре­же­де өндіруіміз үшін біз оны алдымен иге­руіміз керек. Егер жаңағы негізгі кө­пір салынатын болса, сол метал­дар­ды игеруге мүмкіндік ашылып, өңір дамуына керемет серпін береді. 

– Металдар демекші, осы ретте Шы­ғыс Қазақстан облысы Күршім ау­даны Маралды ауылының маңындағы алтын өндіретін зауыттағы дау-дамайға қатысты да пікіріңізді білгіміз келеді.

– Бірнеше жыл бұрын шетелдік ин­весторлар келіп, 8 миллиард ақша құйып, жұмысын бастамақ болды. Енді бірнеше жылдан бері ауыл хал­қы алтын өндіретін фабрика салу­ға қарсы болып жүр. Кәсіпкер ретінде ай­тарым, ол жерде ешқандай заңбұзу­шы­лық жоқ. Зиян келетінін айтқан ауыл халқы негізгі мәселені дұрыс тү­сін­бей отыр деп ойлаймын. Егер зиян келеді деп қарасақ, Өскемен өңі­рін­де металлургиялық зауыт бар. Онда уран өндіреді.  Қазмырыш ком­би­наты, титан-магний комбинаты да сонда. Өскеменде 350 мың тұрғын тұ­рып жатыр емес пе?! Әрине, эколо­гия мәселесі бар. Экология мәселесін тудырып жатқан тек сол комбинаттар емес қой?! Мәселен, жанар-жағар­майы­мыздың сапасы да нашар. Оның бә­рі экологияға зиянын тигізеді.  

– Жанар-жағармай дегеннен туып отыр, өткен 2022 жылы мамырда Зай­сан аудан тұрғындары сегіз ауыл мен бір­неше әлеуметтік нысан газға қосыл­ма­ғанына, барлық газ Қытайға сатыл­ға­ны­на наразылық білдірген еді. Осы газ мәселесі қалай шешіліп жатыр?

– Рас, Шығыс Қазақстанда газ мә­­­­­­селесі бар. Егер Ресеймен келі­сім­шартқа отыратын болсақ, сол жақтан газ келіп тұр. Мысалы, Күршім ауда­нын­да 1 тонна көмір 30 мың теңге тұ­ра­ды. Кем дегенде 6 тонна көмір жа­ғатын болса, 180 мың теңге, 200 мың теңге сондағы ауыл тұрғын­дары­ның қалтасына оңай соқпайды. Зай­сан ауданында «Тарбағатай мұнай» ком­паниясы кезінде Қытаймен бірі­гіп газ жеткізбек ниетте жұмыс бас­та­ған еді. Мен 12 жыл депутат болып ке­­­­лемін. Талай рет осы мәселені кө­тер­дім. Қараңызшы, Зайсан ауданы­нан Қытайға газ жіберу 2013 жылы екі елдің үкіметаралық келісіміне сай бас­талған. Бұл жерде қандай шарт жа­сас­қанын білмеймін. Ал 2020 жылға дейін кеніштегі қордың небәрі екі пайызы ішкі нарықта пайдаланылған. Бас­тапқыда Сарыбұлақ кенішінде өн­діретін газ көлемі 4 млрд текше метр болған, 2022 жылдың басында соның 3 млрд 200 миллион текше метрден ас­тамы Қытайға жіберілгені мәлім бол­ды.  Ал негізінде  екі елдің үкіме­тара­лық келісіміне сәйкес, Сарыбұлақ ке­ні­шіндегі газдың 50 пайызы Қазақ­стан­ның ішкі нарығына бағытталуға тиіс еді. Алайда шарт талабы сақталған жоқ. Негізінде, сол жердің өзінен Тар­бағатай, Күршім, Зайсанды газбен то­лық қамтуға болар еді. Тіпті, сол жақ­тағы тұрғындар кезінде «аймақ­та­ғы бірнеше ауыл газсыз отырғанда кө­гілдір отынды Қытайға жіберіп жат­қа­ны қалай», – деп наразылығын біл­дірді. Бұл жерде бір гәп бар.  Осы­ған дейін осы төңірегінде  бірнеше мә­селені көтердік. Әлі де көтеретін бо­ламыз. Депутаттық сауал да қоюды жос­парлап отырмын. 

– Мемлекет басшысының Жол­дауын­­да біз еліміздің географиялық ор­наласуын өз артықшылығымызға ай­налдыруымыз керектігі атап өтілді. Сіз өзіңіздің бір депутаттық сауалыңыз­да жаңа көлік бағыттарын салу мәсе­ле­сін көтеріп, кеме қатынасын ретке кел­тіруді айтып, ұсыныс жасаған едіңіз. 

– Иә, тағы бір дүние – үшінші ел­дер­мен, әсіресе Қытай Халық Респуб­ли­касымен сыртқы сауданың тран­зит­тік әлеуетін дамыту үшін жаңа кө­лік бағыттарын салу мәселесі бар. Ке­зінде Шығыс Қазақстан облысы­нан депутат ретінде өзен кеме қатына­сын қалпына келтіруді, Қытай Халық Рес­публикасының Қара Ертісінен Ертіс пен Обь бойымен Обь шығана­ғы­на дейін және бүкіл Сібір аймағы  Солтүстік  Мұзды мұхитқа дейінгі ескі су жолын қосуды ұсыныс ретінде жет­кіз­ген болатынмын. Бұған біраз уа­қыт бұ­рын Ново-Шүлбі ГЭС-інің аяқтал­маған шлюз бөлігі кедергі келтірген бо­латын.  Бүгінде шлюз бөлімі пай­да­лануға беріліп, жұмыс істеп тұр, өзен кемелерінің өтуіне еш кедергі жоқ. Прис­тандардың, айлақтардың жа­ғалау құрылыстарының инф­ра­құры­лымы сақталған. Бар болғаны, Ресей Фе­дерациясы жағынан Ертіс өзенінің түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу, өзен фарватерлерін жербеті снаряд­тар­мен тазартып, 3 мың тоннаға дейін­гі кемелер өте алатындай учас­ке­­­лерді белгілеу керек. Жол-көлік та­сымалы арқылы біз бір көлікпен 20 тон­наға дейін ғана жүкті арта аламыз. Ал бұл жоба іске асса, бір кемемен үш мың тонна жүкті бір ретте тасымалдаушы едік. Айырмашылық қан­шама?! Су кө­­лігі ең арзан көліктердің бірі екенін ес­к­ерсек, бұл бізде бірнеше мүм­кін­дікті ашар еді. Тамақ өнімдері арзан­дайды, қосымша жұмыс орын­дары пайда болып, сол маңдағы жұ­мыс­сыз­дық мәселесі де шешілер еді. Оның үстіне, оған үлкен қаржылық шығын­дар қа­­­жет емес. Өңірлеріміздің эконо­ми­ка­­­­лық дамуына серпін бе­ретін бар­­лық логистикалық, ке­дендік және әкім­шілік кедергіні ретке кел­тіру, сон­­­дай-ақ жүктердің жылдам өтуін жеңіл­­детеді және Қытай Халық Рес­­­­­пуб­­­ликасынан Қазақстан Респуб­ли­касы арқылы Ресей Федера­ция­сының Сібір аймағына  өтетін қысқа көлік бағытын ашады. Семей қала­сындағы теңіз мектебін және Приб­режное кен­­тіндегі кеме жөндеу зауы­тын қал­пы­на келтіру де орынды болар еді. Бұл дегеніміз – жұмыс орындары мен жергілікті мамандар. Қолда бар кеме­лер­ді де ретке келтіру керек. Су арқы­лы тасымалданатын жүктердің тізімі шектелмейтінін бәрі біледі. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдері, құры­лыс ма­те­риалдары, металлур­гиялық өнім­дер, халық тұтынатын тауарлар және өз­ге де өнімдердің бағасына да әсер ете­ді. 

– Президент өз Жолдауында ден­сау­лық сақтау саласында медициналық ин­фра­құрылымды дамытуға, кадрлар даяр­лауға, әсіресе ауылдық жерлерге на­зар аудару қажеттігін ескерткен еді. Шы­ғыс өңірінде бұл қалай жүзеге асып жа­тыр?

– Шығыс Қазақстан ауруханалар жа­ғынан ең бір дамыған өңір деп ай­туға болады. Кезіндегі 100 мектеп, 100 аурухана жобасы да сәтті жүзеге асты.  Бірақ өңірлерде дәрігер жетіс­пеушілігі бар. Осы мәселені шешу үшін ауыл­дық жерге баратын дәрігер­лерге өте­мақы ретінде 10 миллион теңге беру керек. Сонда ғана дәрігер­лер сонда бара­­ды, жұмыс істейді. Сол ақшаға бас­­панасын да алады. Күйін де жақ­сар­тады. 

– Тек  дәрігерлер емес, басқа да ма­ман­дарға солай жағдай жасаса, сіз ай­тып отырған өтемақы  іске асатын бол­­са, сондағы шекаралық аймақ­тар­да­ғы адамдардың тұрақтануының мә­селесін де шешетін секілді. Мемлекет  бас­шысы   Парламентте сөйлеген сө­зін­де ұлттық қауіпсіздігімізді нығайту ая­сында, шекаралық аймақтарды да­мы­тудың нақты шараларын қарастыру қа­жет  демеп пе еді?

– Рас айтасыз. Бұл туралы да мен де­путаттық сауал жолдаған бола­тын­мын. Біздегі шекаралық аймақтарға Мар­қакөл, Күршім, Қатон-Қарағай ау­дандары жатады. Халықты тұрақ­тан­дыру, ынталандыру есебінде  еңбек  етіп жүрген азаматтар  мен  азамат­ша­лар­дың  жалақысына  аудандық 1,5 де­ген қосымша коэффициент  қосу маңыз­ды. Аталған адамдардың  еңбек өті­лінің 1 жылы  1,5 болып саналуын қа­рас­тыру қажет. Тек осындай шара­лар­­дың арқасында  жетіспей тұрған  – дәрігер, ұстаз,  мал дәрігерлері, агро­ном,  тағы да басқа  жас мамандардың сол аймақтарда  тұрақтануына стимул жасауға болады. Қазір Шығыс Қазақ­стан­дағы шекаралық аймақтарда көп­теген өңір «қартайып» кетті. Жастар азай­ған. Жұмыссыздық мәселесі бар. Ауа райының қолайсыздығы бар. Орал­хан Бөкейдің «Біздің жақта қыс ұзақ» деген шығармасын білесіздер. Біздің жақта шынымен қыс ұзақ. Бұл мәселенің шешімінің бірі – туризмді дамыту дер едім. Шығыс өңірі онсыз да туристік аймақтарға жатады емес пе? Сол туризмді дамыту арқылы біз қосымша жұмыс орындарын ашар едік. Мысалы, күні кеше Қатон-Қара­ғайдың «ең жасыл мекен» деген атау алғанын естідік.  Онда ұлттық парк бар, 518 адам жұмыс істейді. Жаз ке­зін­де бұл көрсеткіш көбейеді. Қазір туриз­мі дамып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда, туристер саны биыл екі есе өскен. Сол жердегі тұрғындар жылқы өсіріп, қымызын сатып, балы­ғын, жеміс-жидегін сатып, қосымша пайда тауып отыр. Қасында Марқакөл көлі бар. Ол жерде Марқакөл қорығы бар. Қорық туралы заң бойынша ол жерде туризмді дамытуға болмайды. Тек қорғауға алынуы керек. Қазір сол Марқакөл ауданында 6-ақ мың адам қал­ды. Себебі жаңағы Қатон-Қара­ғай­дағы тұрғындар секілді туризм ар­қылы қосымша пайда таба алмайды. Бұл да ойланатын жайт. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Анарыс АҚЫЛМАН