Жұмыспен қамту қарқынды жүруде

Жетісу облысында жүздеген жанды жұмыспен қамтитын болашағы жарқын бірқатар ірі жоба жүзеге асырылуда.

Облыс орталығы мен Талдықорған қала­сына жақындау орналасқан  аудандарды айтпағанда, шалғайда қоныстанған Панфилов, Алакөл сынды елдің шеті, желдің өтінде тұрған шекаралы аудан­дар­да да  өңірдің өркендеуіне ғана емес, еліміздің дамуына даңғыл жол ашатын үлкен істер қолға алынуда. Ақсу, Сарқан сынды агроөнеркәсіпті өркендету мүмкіндігі мол, әлеуеті  зор аудандарда да халықтың тұрмысын жақсартып, әлеуетін арттыруға нақты қадамдар жа­салуда. Моноқала Текеліде де тұрғындар тұрмысының оңалуына оң ықпал ететін бағдарламалар ойластырылған.  

Дабырасы мен дақпырты көбейіп кеткен, алғашында қоңсылас жатқан  екі елдің келісімімен алып құрылыстар жоспарланған, кейіннен көрші мемлекет өзіне қарасты аумақта барлық міндеттемені орындағанымен, біздің тарапта жобалар жүзеге аспай қалған.«Қорғас–Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының Қазақстанға тиесілі аумағында «Қытай-Қазақстан халықаралық индустриалды қала» жобасын жүзеге асыруға  байланысты  сәйкес үлкен жұмыстарды бастады. Игілікті істі қолға алған компания  200 гектар аумақта жоспарланған құрылыстың бірінші кезеңіне кірісті. Жобаның алғашқы сатысында  атқарылар істердің қатарында инженерлік желілер мен магистралды көшенің құрылысы сынды маңызды нысандар  бар. Биылғы  қарашадан бастап инвесторлар арнайы экономикалық аймақтың аумағынан тыс учас­ке­лерде де  әкімшілік ғимараттар мен қонақүй нысандарының құрылысын бастайтын болды. Жобаның басты мақсаты – индустриалды парк салу, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да өндіріс­тік және логистикалық қызмет көрсетуді ұйымдастыру.  Жобаның жалпы құны – 330 млрд теңге. Барлығы ойдағыдай жүзеге асы­рылатын болса, жақын елді мекен тұрғындары үшін 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. 

Облыста өткен жылмен салыстырғанда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 28,4%-ға көбейіп, 59,7 мыңға жетіпті. Қазір өңір экономикасының негізгі тіректерінің бірі болып салада 102,9 мың адам еңбек етеді және бұл сан 2022 жылғы деңгейге қарағанда 21,8%-ға артық. 

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының деректері бойынша, 2023 жылға кәсіпкерлікті дамыту үшін 6,8 млрд теңге бөлінсе, оның  6,1 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 723,7 млн теңгесі жергілікті бюджеттен қарастырылған. Қазірге дейін жалпы кредит сомасы 15 млрд теңге болатын 335 жоба мақұлданған. «Бастау бизнес» жобасы бойынша 3 809 адам оқытуға жіберіліп, олардың 2 752-сі оқуын аяқтаған, 565-і өз ісін ашыпты. Әрқайсысы  400 АЕК-ке дейінгі, жалпы сомасы  302,2 млн теңге болатын мемлекеттік грант 219 адамға беріліпті.  Ал жастар кәсіпкерлігін қолдау мақсатында 1 қазанға дейін 1,2 млрд теңгеге 268 бизнес-жоба мақұлданған. 

Облыс тұрғындарының басым бөлігі тұра­тын ауылды жерлерді дамытуға, жергілікті жерде тұратындардың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру аясында өңірге республикалық бюд­жеттен 3,2 млрд теңге қарастырылған. Бірінші қазандағы жағдай бойынша, 3,6 млрд теңгеге 547 өтінім қабылданып, 1,2 млрд теңгеге беріл­ген 218 өтінім мақұлданып,  216 қарыз беріліпті. Соның ішінде ауыл шаруашылығына жатпай­тын қызмет түрлері бойынша 33,2 млн теңгеге 6 микрокредит берілген. Осындай қолдаудың нәтижесінде 5 кооператив құрылып, 206 жеке кәсіпкер тіркелген.

Жетісу облысында биылдан бастап  бизнесті қаржылық емес қолдау шеңберінде Zhetysu invest инвестиция тарту өңірлік орталығы жұмыс істейді.  Осы орталық арқылы «бір терезе» форматында бизнесті дамыту мен инвестициялық жобаларды іске асырудың барлық шаралары ұсынылады. Орталықтың филиалдары Талдықорған мен Алматы қала­ларын­да орналасқан. Сондай-ақ облыста ша­ғын және орта бизнесті дамыту, халықты жұ­мыс­пен қамту бағытында тұрақты негізде «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы қызмет көрсетеді.

Жұртшылықты еңбекпен қамтуда бірінші кезекте жастардың жұмысқа орналасуына баса назар аударылады. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне қарағанда, 1 қазандағы мәлімет бойынша Жетісу өңіріндегі жұмыспен қамту органдарына 12 440 жас еңбекке орналастыру жөнінде жүгініп, олардың тең жартысынан астамы немесе 6 577-сі жұмысқа орналастырыл­ған. Екі қолға бір күрек іздеген  жастардың 3 931-і  тұрақты жұмыс орнын тапқан. 

Еңбек еткісі келген  жастардың  арасынан 1 544 адам қоғамдық жұмыстарға, 117 адам әлеу­меттік жұмыстарға, оқу орындарын енді бітірген 629 түлек жастар тәжірибесіне жіберіл­ген. Сонымен бірге 331 жас  алғашқы жұмыс ор­нына орналасса, 25 адам ұрпақтар келісім­шарты бойынша еңбекпен қамтылған. Тағы 242 жас қысқамерзімді кәсіби оқудан өтуге мүмкін­дік алған. Электронды еңбек биржасында онлайн оқудан өткендер саны – 640, «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіз­деріне оқытуға 1 735 адам жолдама алып, 82 адам грант иеленген. 268 жас шағын несиеге қол жеткізген.  

Жалпы, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» Ұлттық жоба ауқымында  қысқамерзімді оқыту бойынша биыл 800 адамды оқыту жоспарланып, бұл мақсатқа  283,6 млн теңге бөлініпті. Қазір өңірлік комиссия осы жоспарды орындау үшін  оқу орындары мен орталықтардың тізімін жасап, бекітті. Бұл тізімге облыстағы 9 колледж мен 22 оқу орталығы енгізілген. 

«Бүгінге дейін  қысқамерзімді кәсіптік оқытуға 651 адам жіберілді, оның ішінде жұмыс берушілердің сұранысы бойынша қысқамер­зімді оқытуға 628 адам және жұмыс беруші­лер­дегі бар жұмыс орнындарына 23 адам жөнел­тілді. Бұл ретте әзірге белгіленген жоспардың орындалуы – 81,3%. Қысқамерзімді оқуды 464 адам аяқтап, олардың 435-і тұрақты жұмысқа тұрды, бұл жоспардың 93,8%-ы», – дейді басқарма басшысы Ермек Мизамбаев.

Облыстық мансап орталықтарының мәлі­мет­­теріне қарағанда, техникалық мамандық­тарға, сұлулық саласындағы мамандарға деген сұра­ныс жоғары екендігі байқалады. Соған сай, дәнекерлеуші, автомобиль жөндеуші слесарь, технологиялық қондырғыларды жөндеуші слесарь, электрондық-есептеу машиналарының операторы, ветеринариялық санитар, ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-маши­нисі, аспаз, электргазбен дәнекерлеуші, элек­тро­монтер (барлық атауы), кондитер, пішуші, бухгалтер, жиһаз жинақтаушы, маникюр шебері, тігін ісінің шебері және тағы да басқа  мамандықтар бойынша оқытуға баса назар аударылып отыр. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы