Шанхай ынтымақтастық ұйымының мәдени астанасында би фестивалі өтеді

Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық етуіне орай Алматыда жаңа бағдарламамен Ballet Globe халықаралық би фестивалі өтеді.

Алматы қаласы 2023-2024 жылдары Шанхай ынтымақтастық ұйымының мәдени және туристік астанасына айналды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

20 қазанда Almaty Theatre сахнасында әлемнің үздік театрларының 11 заманауи би жұлдызы өнер көрсетеді. Ballet Globe фестивалі аясында Алматының тұрғындары мен қонақтары Ұлыбритания, Нидерланд, Швейцария, АҚШ, Қазақстанның және т.б. елдердің хореографтары әзірлеген 20-дан астам жарқын және батыл қойылымдарын тамашалай алады.

Contemporary dance (контемп) – XIX және XX ғасырлар тоғысында АҚШ-та пайда болған заманауи хореографиядағы бағыт, ол ең алдымен, адамның сезімі мен эмоциясын би арқылы көрсетуге бағытталған.

«Контемпорари – әлемдегі заманауи хореографияның ең танымал би бағыттарының бірі болып саналады. Бұл жай ғана би емес, бұл сезімді, эмоцияны өнер арқылы көрсету, сахнада өткен тұтас бір өмірдің көрінісі. Әртістер көрерменмен би тілінде әңгімелеседі және әркім шексіз өнер әлеміне еніп, жүрегінің төрінен орын алатын бірегей нәрсе табады. Біз дүниежүзінің ең үздік әртістерін жинадық, осының арқасында олар өзінің хикаясын биік өнерді бағалайтын көрерменмен бөліседі. Сондай-ақ фестиваль елімізге көп туристің ағылып келуіне септігін тигізіп жатқанына қуаныштымыз. Фестивальге көрші елдерден ғана емес, Еуропа елдерінен, Оңтүстік Корея, Қытай, Жапония мен АҚШ-тан да өнер сүйгіш жандар келіп жиналады», – деді фестивальдің негізін қалаушы Ерлан Андағұлов.

Италияның балет әртістері Саша Рива мен Симоне Репеле фестивальде өнер көрсету үшін оңтүстік астанаға екінші рет келеді және өнерсүйер қауыммен кездесетін сәтті асыға күтуде.

 

«Алматының жұртшылығы өте талғампаз заманауи өнер мен контемпорари жанрын тереңінен сезінеді. Бұл қаланың табиғаты өте керемет және тарихи көрікті жерлері тамаша. Фестиваль туралы парақшаларымызда хабарлағанымызда, оған өнер сүйер қауым үлкен қызығушылық танытты. Олар да Қазақстанға келіп, жергілікті мәдениетпен танысқысы келеді», – деді Саша Рива.

Ballet Globe фестивалі Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен 20 қазанда Almaty Theatre-да сағат 19.00-де басталады.