Әлеуметтік желіде Қазақстанда уақыт белдеуі өзгеретіні жайлы ақпарат тарады, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Онда Қазақстанның батыс облыстары, атап айтқанда: Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстары 2023 жылғы 30 қарашадан 1 желтоқсанға қараған түні (сағат 00:00-де) бір сағат бұрын астаналық уақытқа ауыстырылатыны айтылған.
Экология министрлігі желідегі ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
"Экология және табиғи ресурстар министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен, сондай-ақ басқа да мүдделі ұйымдармен бірлесіп, ел аумағында уақытты есептеудің бірыңғай тәртібін белгілеу мәселесін пысықтауда. Депутаттардың, орталық мемлекеттік органдардың, қоғам және ғылыми ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобы құрылды. Бұл мәселе бойынша шешім қабылданған жоқ. Шешім мәселені егжей-тегжейлі зерделеп, қоғаммен кеңінен талқылаудан кейін қабылданады", – деп мәлімдеді ведомство.
Министрлік Қазақстан аумағында уақыт екі әкімшілік уақыт белдеуінде есептелетінін еске салды: 4-ші (БҚО, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстары) және 5-ші (Астана, Алматы, Шымкент, Ақмола, Алматы, Қарағанды, Ұлытау, Түркістан және басқа облыстар).
Фото: Twig-Bilim