Алматыда қыз жігітпен алғашқы кездесуде қайтыс болды. Журналист Сандуғаш Дүйсенова қайғылы оқиғаның мән-жайын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, оқиға 16 қазанда кешке болған.
"Алматыдағы дәмханада жігітпен танысу ол үшін өмірінің соңғы күні болады деп кім ойлаған? Алдымен олар тыныш сөйлесіп отырған, бірақ кейінірек ер адам өзін ұстай алмаған. Алғашында қыз оны тыныштандыруға тырысқан, бірақ кейін 102 нөміріне қоңырау шалған.
Дәмханада болған адамдар ер адам оны сыртқа шығарып әкеткенін көрген, бірақ ешкім араласпаған. Қазір көшеде не болғанын нақты ешкім білмейді. 20 минуттан кейін келген полиция қызметкерлері қызды өлі тапқан. Қыз жұмысбасты болған. Ол фармацевтикалық компанияның директоры лауазымына дейін өскен. Жеке өмірін қолға алмақ болғанда өмірі осылай аяқталды", – деп жазды Дүйсенова әлеуметтік желіде.
Алматы қаласы Полиция департаментінің өкілі бұл дерекке қатысты Түрксіб ауданының полицейлері Қылмыстық кодекстің 99-бабы "Кісі өлтіру" бойынша соталды тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
"Осы қылмысты жасады деген күдікті – 1991 жылы туған Т. ұсталып, қамауға алынды. Қылмыстық іс шеңберінде тергеудің жан-жақтылығы және толықтығы қағидаттары қатаң сақталып, тергеу жүргізіледі. Сараптамалар тағайындалды", – деді ПД баспасөз қызметі өкілі.