Жемқорлықтың көкесі Жетісуда ма?

Жетісу өңіріндегі білім саласын жайлап алған жемқорлықтың алғашқы шулы дерегі 2021 жылы ақпанда тіркеліп, ол кезде тұтас облыс болып тұрған Алматы облыстық білім басқармасы басшысын қоса алғанда, осы салада жүрген бірнеше адам ұсталған болатын. Ал 2022 жылы облыс Алматы және Жетісу облыстары болып, екіге бөлініп кетті.

Биылғы көктемде Талдықорған соты пара алды және алаяқтық жасады деп айыпталған Алматы облысы Білім басқармасының басшысы бастаған бір топ қызметкерге қатысты үкім шығарды. Олар тергеу материалдарына сәйкес, 2020 жылдың тамыз-қараша айлары аралығында мемлекеттік сатып алу саласында қылмыстық әрекетке барған. Шулы істің нүктесі қойылғандай болғанда, нақ­тырақ айтқанда, биылғы сәуірде Жетісу облысы­ның орталығы Талдықорған қаласы білім бөлімінің бас есепшісі Панфилов ауданында мемлекеттік шекарада ұсталып, оның автокөлігінен қорап-қорап ақша табылады. Осы дабыралы оқиғаның барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қыз­меттегілердің бірнеше ай бұрын қалалық білім бөлімі бастығын қамауға алғаны белгілі болды. Соған қарағанда, шектен шыққан жемқорлықтың түйіні басшының ұсталуынан соң біртіндеп тарқатыла бастағандай. Сәуірден бергі жарты жылда өңірдегі білім саласында елді алаңдатқан тағы біраз жағымсыз жағдайлар тіркелді. 

Қолымызға келіп түскен соңғы ақпараттарға қарағанда, жемқорлыққа қарсы күресетіндер биылғы еліміздегі ең шулы жемқорлықтың бірі ретінде тіркеліп, жетісулық білім саласында­ғыларды жерге қаратқан оқиғаның жай-жапсарын анықтапты. Дәл қазіргі кезде шектен шыққан сыбайластықтың кесірінен бір ғана қалалық білім бөліміне қарасты мектептерде барлығы 4,6 млрд теңгенің қаржылық бұзушылықтары болғаны анықталыпты. Нақтырақ айтқанда, Жетісу облысы орталығында орналасқан 29 мектептің төртеуі ғана жемқорлықтан таза болып шыққан да, қалған­дарының барлығы былыққа батқан. Алды жүздеген миллионды қалталарына басса, соң­ғылары бірнеше миллионды жымқырған. Тал­дықорған қаласы орталықтандырылған бухгал­териясының бас есепшісі мен мектеп есепшілерінің ісі бойынша жүргізіліп жатқан сотқа дейінгі тергеп-тексеру бары­сында 25 мектептегі 4,6 млрд теңгеге қар­жылық бұзу­шылықтардың беті ашылыпты. Қала­лық білім бөліміне қарасты 4 мектепте: №23 (ауыл­дық), №24 мамандан­дырылған лицей, №29 (жаңа мектеп), № 3 Д.Ра­қышев атындағы мектеп-интернатта ғана қар­жылық былық-шылық тір­келмеген. 

Тергеу амалдарының қорытындысы шыққанға дейін қала бойынша 3 мектеп басшысы өз қалауы бойынша жұмыстан шығару туралы өтініш беруіне байланысты атқарып отырған лауазымдарынан босатылыпты. Бұлардың ішіндегі ең қомақты қаржы жымқырылып, мемлекеттің 85,5 миллион теңгесін қолды қылған №6 орта мектептің жетек­шісі бар. Өз еріктерімен қызметтен кеткен­дердің тағы бірі Б.Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектебінің басшысы болса, екіншісі – №22 орта мектептің директоры. Осы үш мектепке жариялан­ған конкурс нәтижесінде жаңа басшылар та­ғайындалып, оларға мекемеде жұмыс істеп жатқан қызметкерлерге ешқандай қысым көрсетпеу, жаңа оқу жылын ойдағыдай өткізу туралы тапсырмалар беріліпті. Тергеу барысында ірі көлемде жымқыру анықталған 6 мектеп басшысымен жеке әңгімелесу барысында оларға да өз қалаулары бойынша боса­тыпты. Бұл алты білім ошағының ішінде 299,8 млн теңге болатын ең ірі көлемдегі қаржылық жымқыру Б.Сырттанұлы атындағы №25 орта мектепте анықталған. С.Мұратбеков атындағы №9 орта орта мектептегілер де қалыспаған. Мұнда­ғылар 262,8 миллион теңгені түгендеп бере алма­ған. Қалған төрт  білім ошағында: №2 орта мек­­­тепте 104,7 млн теңге, №20 мамандандырылған лицей­де 64,8 млн теңге, №27 орта мектепте 45 млн теңге, №15 орта мектепте 41,2 млн теңге жым­қырылған. 

Тағы төрт мектептің басшысының мәселесі майшаммен қаралуда екен. Олардың ішінде 62,9 млн теңге қолды болған Ш.Уәлиханов атын­дағы №10 орта мектеп-гимназияның, 165,8 млн тең­ге жымқырылған М.Ломоносов атындағы №5 орта мектеп-лицейдің, бұрынғы жұмыс орны – №12 бойынша 178,6 млн теңге табылмай отырған №16 орта мектеп-гимназияның, бұрынғы жұмыс ор­ны Н.Островский атындағы №8 орта мектепте 662 млн теңге жымқырылған №29 орта мектептің директорлары бар. 

Орташа есеппен бір айлық жалақы қоры 40 млн теңге болатын мектептерде аударымдар жүргізілу барысында ауытқуларға жол берілген 8 мектеп басшысының тәртіптік жауапкершілігі қаралып жатқан көрінеді. Олардың қатарында қаладағы №13 орта мектептің (бұрыңғы жұмыс орны №16 орта мектепте орын алған ауытқу үшін), №4 орта мектептің, М.Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназияның, №28 ІТ-лицейдің, №17 орта мектептің, №14 орта мектеп-гимна­зияның, №8 орта мектептің (бұрынғы жұмыс орны Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназиядағы ауытқуға байланысты), №15 орта мектептің (бұ­рын­ғы жұмыс орны №13 орта мектептегі ауытқу үшін) директорлары бар.

Ал қалалық білім бөліміне қарасты, орта­лықтандырылған бухгалтерия арқылы қаржылан­дырылатын 4 ауылдық мектептегі (№ 11, 21, 22, 26) есепшілер арқылы жымқырылған сома – 1 млрд 208 млн теңгені құраған. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресушілер мем­лекеттік миллиондары жымқырылған білім ошақ­тарындағы қаржыға жауапты тұлғалар жауап­кершіліктен құтылып кетпейді, алда әлі атқарылар жұмыстар, анықтар жағдайлар бар деп отыр. Шынында да, солай болуға тиісті. Өйткені елі­міздегі білім ошақтарында оқу жылы басталы­сымен түрлі жұмыстарға ата-аналардан ақша жи­нау басталатынын жасырып қалуға болмайды. Баласы үшін аузындағыны жырып беретін көп­шілік соған қарап, білім саласын қаржылан­дыру нашар екен деп ой түйіп жүрсе, мектептерге мем­лекеттен бөлінген миллиондар «ұстағанның қо­лын­да, тістегеннің аузында» кетіп жатыр екен. Бұғ­ан айналдырған 29 мектеп қарайтын қалалық білім бойынша соңғы бірер жылда 4, 6 миллиард теңгенің сайда саны, құмда ізі қалмағаны, жым­қырылып кеткені дәлел бола алады. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы