Бұл туралы өңір басшысының Маңғыстау ауданына жұмыс сапары кезінде белгілі болды, деп хабарлайды Aikyn.kz.
Нұрлан Ноғаев Ұштаған, Онды және Жармыш ауылдарында тұрғындармен кездесулер өткізіп, азаматтарды жеке мәселесімен қабылдады.
Маңғыстау ауданындағы ауыл қылмысты азайту бойынша рекорд жаңартуда. Онды ауылы үш жыл бұрын алкогольден толықтай бас тартқан. Жергілікті тұрғындар ауыл шаруашылығын белсенді жүргізеді: ет, сүт өнімдерін өндіреді. Ауылда 45 шаруа қожалығы табысты жұмыс істеуде.
Жақында Онды ауылдық округі республикалық "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасына енгізілді. Бұл жақын арада ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту бойынша қосымша шаралар қабылданады деген сөз. Яғни, ауыз сумен, электр энергиясымен, газбен жабдықтау, жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу және әлеуметтік нысандар салу.
Ауылдық округке жалпы саны 1300-ден аса тұрғыны бар Онды ауылы мен Бекі және Басқұдық елді мекендері кіреді. Қазіргі уақытта Бекі ауылында 100-ге жуық бала оқитын жаңа мектептің құрылысы белсенді жүріп жатыр.