Еліміздің жас өнерпаздары Ақтөбе қаласында өткен «Ұлы дала мұрасы» атты республикалық байқауда бақ сынады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен, дәстүрге айналған сайыс бұл жолы ұлы Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылды. Әр аймақтан келген 8 бен 16 жас аралығындағы дарын иелері екі номинация бойынша сынға түсті. Атап айтқанда, ұлттық аспаптарда ән орындап, ансамбль, оркестр құрамаларында өнер көрсетті. Халық әндері мен күйлерін кеңінен насихаттауды мақсат еткен байқау жас өнерпаздарға кеңінен танымал. Осымен бесінші рет өткізілген сайысқа 300-ге жуық үміткер қатысты. Әсіресе, домбыра, қылқобыз және жетігенде ойнаған қатысушылар қазылар алқасы мен көрермендердің назарын аударды. Мәдина Қабижанова, А.Жұбанов атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің бас дирижері:
– Оқушылардың деңгейі өскен. Жеке орындаушыларға қарап, әрбір шәкіртіміздің заманауи аспаппен қамтылғанын көріп, қуанып отырмыз. Алдағы мақсатымыз – осы байқауды әлі де болса жоғары деңгейге жеткізу. Жетекшілер бір-бірімен осындай жарыстарға қатысып, тәжірибе алмасса деген тілегіміз бар, – дейді.Байқау қорытындысында Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облысының өнерпаздары үздіктер қатарынан көрініп, сый-сияпатқа ие болды. Әділ БЕК