СҚО-да жеңіл автокөлік пен жүк көлігі соқтығысып, бір адам көз жұмды

Көлік апаты «Мамлютка-Қостанай» республикалық маңызы бар автожолының 7 шақырымында болған.

Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданында Audi мен МАЗ көліктері соқтығысты. Апат салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мерт болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Петропавловск.news-ке сілтеме жасап.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, көлік апаты «Мамлютка-Қостанай» республикалық маңызы бар автожолының 7 шақырымында болған.

Audi мен МАЗ көліктерінің соқтығысуы салдарынан жеңіл көлікті тізгіндеген 53 жастағы жүргізуші Мамлют аудандық ауруханасында қайтыс болды.

Ал МАЗ көлігінің рөлінде 33 жастағы ер адам болған. Медициналық куәландыру нәтижесі оның спиртті ішімдік ішпегенін көрсетті. Қазір көліктер арнайы тұраққа қойылды.

Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

Қазір істің мән-жайын анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Соның негізінде процестік шешім қабылданады.

 

Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі