Автордың айтуынша, бұл туынды ең әуелі кәсіби медицина мамандарына арналған. Ал медициналық білімі жоқ азаматтарға кешенді нұсқаулық кеңестерін үй жағдайында орындауға болмайтынын сөз етті.
– Инемен емдеу арқылы жүйке жүйесінің ауруларын, буын ауруларын және басқа да ауруларға көмегі үлкен болғандықтан, біз осы инемен емдеу ғылымын ары қарай дамытып, осының теориялық негізін қалап, қазақ тілінде осындай кітаптар жоқтың қасы. Сондықтан қазақ тілінде жүйелі кітап жазуды ойға алдық, – деген кітап авторы денеде ине салатын арнайы орындар болатынын және инені қалай салу және қандай тереңдікте сұғуды да жақсы меңгеру керегін айтты.
«Кейбір тұстарға тереңірек сұғып жіберсе, оның пайдасынан зияны көбірек болады. Инемен емдеу жүйке жүйесі, буын ауруларына, инсульт алған жағдайында көмегі өте көп. Сондықтан инемен емдеу ғылымының теориялық негізін қалау мақсатында осындай кітапты жазып, шығаруды ойға алдық», – деді Нұршаш Нұрмұқан.
Оның айтуынша, әлі де болса инемен емдеу Қытайдағыдай қалыптаса қоймағанын сөз етті.
– Мысалы, Қытай медицинасында инемен емдеу өз алдына бір ғылым. Ол жақта бес жыл оқып қана қоймай, магистратурасын бітіріп, ғылыми зерттеп, қорғауға да болады. Ал бізде әлі де болса халықтық ем ретінде қабылданады. Оның үстіне халық та тамыр ұстап, «өтің толған, ана жерің-мына жерің ауырады» деп зырылдап сөйлегендерге еріп кетеді. Соның салдарынан елімізде инеге қатысы жоқ адамдардың емдеуі саңырауқұлақтай көбейіп жатыр.
Сол себепті кез келген инемен емдеу орталығында маманнын біліктілігін көрсететін Қытайдан оқығаны жайында дипломы, сертификаты болады. Соған сүйене отырып, Қазақстанның Білім министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі лицензия береді. Алдымен осыған қарауы керек. Екіншіден, білікті маман аурудың себебін алдымен медициналық тұрғыдан түсіндіріп, анализдерге талдау жасауы тиіс, – дейді Нұршаш Нұрмұқан.
Тұсаукесерге жақындары, әріптестері, сала ардагерлері мен депутаттар қатысты.