Алдағы Сенат отырысында Палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заңдарды қарайды.
Аталған заңдардың нормаларына сәйкес, мемлекеттер қылмыстық құқықбұзушылық саласында өзара құқықтық көмек көрсетеді. Нақты айтқанда, шарттарда екі елдің құзыретті органдарының адамдарды ұстап беру, кейінге қалдыру немесе уақытша ұстап беру бойынша өзара іс-қимыл мәселелері, ұстап беруден бас тарту үшін міндетті және факультативтік негіздер егжей-тегжейлі регламенттелген.
Отырыс барысында депутаттар Сенат жанынан Инклюзия жөніндегі кеңес құру туралы мәселені қарап, оның құрамын бекітті.
«Кедергісіз орта қалыптастыру және мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау – мемлекеттің алдында тұрған басым міндеттердің бірі. Инклюзия жөніндегі кеңестің қызметі елімізде толыққанды инклюзивті орта құруға ықпал етуді көздейді. Бұл алаңның жұмысына сарапшылар мен қоғам белсенділерін де жұмылдырамыз. Алдағы уақытта Кеңес ерекше қажеттілігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға тың серпін береді деп сенеміз. Сенат осы бағытта барлық мүдделі тараппен белсенді жұмысын жалғастыра береді», – деді Мәулен Әшімбаев.
Кеңестің құрамына Сенат депутаттарынан бөлек, сарапшылар қауымдастығының, қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері енді. Сенат жанынан Инклюзия жөніндегі кеңес құру туралы бастама алғаш рет биыл қыркүйек айында Палата қабырғасында көтерілген болатын.
Сонымен қатар Бюро отырысында «Президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде салық саясатының және салықтық әкімшілендіруді жаңғыртудың негізгі тәсілдері мен тұжырымдамалық мәселелері» тақырыбына арналған алдағы Үкімет сағатына дайындық барысы талқыланды.
Сенат Төрағасы атап өткендей, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында салық саясатына жеке тоқталып, тиісті органдарға нақты тапсырмалар берді. Осыған орай, жаңа Салық кодексін әзірлеу Парламенттің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі екенін атап өткен жөн.
Сондай-ақ отырыс кезінде Мәжілістен келіп түскен заңдар жұмыс үшін Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.