Қос ауылдағы қуаныш

Жетісу өңірінде жергілікті елді мекендерді газдандыру қарқын алып келеді. Қазір облыс орта­лығы маңындағы аудандардағы ауылдар рет-ретімен көгілдір отын­ға қосылып, тұрғындар қыс­қа көмір қамдаудан, жазда отын іздеуден құтылуда.

 Алдағы кезде алыстағы Алакөлге дейін газ магистралды тартылатын бол­­ды. 

Күні кеше Республика күні мереке­сіне дайындалып жатқан екі ауылдың тұрғындары табиғи отынға қосылып, қуанышқа кенелді. 

Табиғи газға Қаратал ауданының 2 300-ден астам тұрғыны қол жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары Әсет Қа­на­ғатов ауыл тұрғындарын қуаныш­тарымен құттықтап, мерейлі мерекеге орай тілегін білдірді.  

Жалпы, Қаратал ауданында 35 елді мекеннің 19-ы газдандыруға жатады. 2019 жылы «Үштөбе» автомат­тан­дырылған газ тарату станциясы және құны 3,1 млрд теңге болатын ұзындығы 44,7 шақырым газ құбыры пайдалануға берілді. Қазір ауданның 10 елді меке­нінде құрылыс-құрастыру жұмыстары жүргізілуде. Елді мекендер кезек-кезегімен көгілдір отынға қосылуда. Күні кеше көптен күткен газ 530 түтіні бар, яғни 1 800 адам тұратын Кәлпе ауы­лы мен 530 тұрғыны бар Оян ауылына берілді. 

– Қыс бойы 5-6 тоннаға дейін кө­мір жағатынбыз. Бұл  қарапайым от­басының қалтасына едәуір салмақ тү­сіреді. Үйге көмір, отын тасуың ке­рек, от жағасың, күл шығару да оңай емес. Енді міне, үйге газ кіргізіп, осы әурешіліктің бәрінен арылып, қуанып отырмыз, – дейді газға алғашқылардың бірі болып қосылған Кәлпе ауылында тұратын Қайрат Сәрсенбаевтың шаңы­рағындағы отанасы  Қарлығаш Өскенбаева.

Ауыл тұрғыны Рая Тілеубаеваның айтуына қарағанда, оның отбасы  Кәлпе ауылында 40 жылдан бері тұрады. Осы күнге дейін көмір жағып келіпті. Шалғайдағы ауылға аудан ор­талығынан көмір әкелу де оңай емес. Бір қыста 7 тонна жағады екен.  Көмір де жыл сайын қымбаттап, қалтаға қосымша салмақ салатын болған.  Енді соның бәрінен құтылып, табиғи отын­ның қызығын көретін жағдайға жет­кендеріне қуанышты екендігін біл­дірді.  

Кәлпеге газ желілерін тарту жұ­мыс­тарын 2021 жылдан бері Gas Energy Construction ЖШС жүргізген, оған 500,2 млнтеңге бөлініп, 27,1 шақырым газ құбыры орнатылыпты. Осы елді ме­кенмен қатар Оян ауылының тұр­ғын­дарына да газ берілді. Бұл ауылды газдандыруға 86,9 млн теңге бөлініп, 7,3 шақырым газ желілері тартылған. Мұндағы газдандыру жұмыстарын да «Gas Energy Construction» ЖШС жүргізіпті.

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының хабарлауынша, Қара­тал ауданын газдандыру одан әрі жал­ғасады. Қазір Қанабек ауылын көгілдір отынға қосу-реттеу жұмыстары атқа­рылуда, ал жыл соңына дейін ауданның тағы 8 ауылын, яғни жалпы сомасы 2,9 млрд теңгеге Жаңаталап, Ескелді би, Көкдала, Қызылжар, Достық, Тастөбе, Ортатөбе, Бастөбе ауылдарын кезең-кезеңімен газдандыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ өткен жылдан бастап Үштөбе қаласында құны 7 млрд теңге болатын газ тарату желілерінің құры­лысы жүргізілуде. Бүгінде жобаға сәй­кес жоспарланған 148 шақырымның  134 шықырым газ тарату желісі салынды, яғни жұмыстар 90,5% -ға орындалды. Газбен жабдықтау биылға жоспарланған.  

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы