Осы жазда UFC-дің әлемдегі ең мықты лигасы Қазақстанда алғашқы турнирін өткізеді. Алдын ала болжам бойынша Нұр-Сұлтандағы Астана Арена стадионын көздеп отыр. Неге америкалықтар біздің елді таңдағанын, UFC-дің алғашқы турнирінде Қазақстан намысын қорғайтынын сараптап көрейік. Бастапқыда UFC-дің алғашқы турнирі 2021 жылдан ерте өтуі мүмкін емес деген болжамдар айтылып жүрді. Өйткені Ресей нарығына жаңадан енген компанияның Беларусь пен Украинаның бірін таңдауы бек мүмкін болатын. Ал қазір турнир жаз мезгіліне жоспарланғаны белгілі болды. Өтетін күні – 13 маусым.
Неге Қазақстан?
Қытайда коронавирустың өршуіне байланысты UFC жаңа нарық іздей бастады. Осы орайда Қазақстан жекпе-жек спорты бойынша өте тартымды мемлекет. Қазірдің өзінде бұл ұйыммен еліміздің үш спортшысы келісімге келді. Турнирде тек Қазақстан өкілдері ғана емес, ТМД спортшылары да өнер көрсететіні белгілі. Сонымен қатар Нұр-Сұлтанның инфрақұрылымы жақсы дамығанын және жекпе-жек өткізуге бірнеше арена ұсынуға дайын екенін ескергені сөзсіз. Америкалықтардың Қазақстанды таңдауының басты себебі – елдегі аралас жекпе-жектің даму деңгейі. Қазір елімізде жергілікті турнирлермен қатар ACA, M-1 және Fight Nights жекпе-жек кештері де сәтті өтіп жүр. Қандай жарыс болмасын, залға көрермендер лық толады. Кейбіреулер чемпион атағын жеңіп алып, Ресейде атой салып жүр. Мысалы, Жалғас Жұмағұлов. Жақында ол UFC титулына бұрынғы үміткер ресейлік Али Багаутиновты жеңіп, Fight Nights Global салмақта белбеуін қорғап қалды. Жалғас қазір UFC жауынгері.Кімдер қатысуы мүмкін?
Шавкат Рахмонов (12:0). М-1 лигасының экс жауынгері Мәскеудегі UFC турнирінде алғашқы жекпе-жегін өткізу керек еді, бірақ жарақат алып қалды. Енді дебютін Лондондағы UFC Fight Night 171 турнирінде (21 наурызда) Поле Бартош Фабинскиге қарсы өткізеді. Егер Шавкат бұл шайқаста ауыр жарақат алмаса, онда ол Нұр-Сұлтандағы турнирге міндетті түрде қатысады. Рахмоновтың мансабындағы бірде-бір жекпе-жегі төрешінің шешіміне дейін жеткен жоқ: Шавкат бес рет нокаутпен, жеті рет ауырту әдісімен жеңген. Жалғас Жұмағұлов (13 жеңіс – 3 жеңіліс). Fight Night Global-дың аса жеңіл салмақтағы чемпионы. Қазақстанның ең танымал спортшысы. Оның мақсаты – UFC рейтингінің үздік бестігіне ену. Арман Оспанов (9 жеңіс – 3 жеңіліс). Ол Ресейдің АСА лигасымен келісімшартқа отырған, келесі жекпе-жегі 6 наурыз күні Алматыда ресейлік Расул Мирзаевқа қарсы өтеді. Соңғы төрт жекпе-жекте ол үш рет жеңіліске ұшырады. Бірақ әрқашан жарқын жекпе-жек көрсетеді. UFC осындай әмбебап жауынгермен келісімге келуі керек. Сергей Морозов (16 жеңіс – 4 жеңіліс). Морозов UFC-ге әлі тіркелмеген. Ол M-1 чемпионы. Демек, ол америкалық промоушенмен келісімшарт алады. М-1 мен UFC арасында арнайы келісімге сәйкес, ресейлік лиганың чемпиондары бірден америка лигасына ауысады. Дамир Исмагулов (19 жеңіс – 1 жеңіліс). Бұл жауынгер UFC-де үш жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Бұған дейін ол М-1 чемпионы болған. Исмагулов Ресейдің азаматы болғанымен, ұлты қазақ. Ол Қазақстанның намысын қорғағысы келетінін бірнеше рет айтқан. Нұр-Сұлтандағы ММА жанкүйерлері оның жекпе-жегін асыға күтеді. Мария Агапова ( 8 жеңіс – 1 жеңіліс) Ол Қазақстан атынан UFC-мен келісімге келген алғашқы қыз. Жақында ғана әлемнің үздік лигасының жауынгеріне айналған оның келесі жекпе-жегінің уақыты белгіленбеген. Нұр-Сұлтандағы турнирде ол да өнер көрсетуі мүмкін. Барыс НҰРЛАН