Ал 19 қазан – халықты, республика өңірлері мен объектілерін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайдан қорғауды қамтамасыз ететін мемлекеттік жүйе қызметкерлерінің кәсіби мерекесі деп бекітілген болатын.
Мемлекет басшысы соңғы бірнеше жылда орын алған өңірлердегі алапат өрттен кейін ТЖ министрлігінің өңірлік бөлімшелерін арнаулы техникамен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді тапсырған еді. Бүгінде елімізде ТЖ министрлігі мен оның комитеттерінің жүзден астам ведомстволық бағынысты ұйымдары бар, құтқарушылардың жалпы саны 28 мыңнан асады. Күн сайын құтқару қызметінің мамандары төтенше жағдайды жою және адамдарды құтқару үшін екі жүзге жуық жұмыс сапарын орындайды, басым бөлігі – жану жағдайы мен өрт.
Астанадағы Төтенше жағдайлар департаменті, ондағы әскери қызметшілердің, құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің кәсібилігі, қала тұрғындарын, Астананың экономикалық әлеуетін төтенше жағдайдан қорғауға бағытталған қызметтің маңызы орасан. Қазір елорданы өртке қарсы қорғауды 18 өрт сөндіру бөлімшесі жүзеге асырады. Астана қаласының әкімдігі бес өрт сөндіру депосын салу бойынша жұмысты жалғастыруда. Көктал көшесі аумағында – 4, Ильинка тұрғын ауданында Жанқожа батыр және Доспамбет жырау көшелері аумағына – 2, №28 көше бойынша – 6, Интернациональный теміржолына – 2, Тельман теміржолына төрт шығысқа қамтамасыз ететін өрт сөндіру депосы салынып жатыр. Бұдан басқа, Астана қаласы әкімдігінің Құрылыс басқармасы ЖСҚ әзірлеу, мемлекеттік сараптама жүргізу және қызметтің 7 объектісін одан әрі реконструкциялау бойынша жұмыс жүргізуде. Елордалық ТЖД-да 205 бірлік техника бар. 2021 жылы қала әкімдігі 2,5 млрд теңгеге 48 негізгі және арнайы техника сатып алды. Бүгінде ТЖД техникасымен материалдық-техникалық жарақтандыру 100% -ды құрайды.
Әйтсе де, Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы «Басты еңбек – адамдікі» екенін жеткізді. «Құтқарушы батырларымызды мақтан тұтамыз. Адам өмірі мен мүлкін құтқара отырып, кәсіби міндетін орындау кезінде өмірін қатерге тігетін жандарды мәңгі жүрегімізде сақтаймыз. Қазір елорданың қауіпсіздік күзетінде екі мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Мұндағы әрбір кәсіптің – өрт сөндірушілер, құтқарушылар, психологтер, медицина қызметкерлері және т.б ерекшелігіне байланысты өз қиындығы бар», – дейді ТЖД өкілі.
Аталмыш департамент сондай-ақ мемлекеттік өрт бақылауын жүзеге асырады, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың алдын алу және оларды жою саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады. Су тасқыны, командалық-штабтық жаттығулар өткізу бойынша қауіпті учаскелердің, аймақтар мен ошақтардың мониторингін жүргізуге қатысады.
Астанадағы ТЖД-ның әрбір қызметкері ең алдымен, аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат көмекке келуге дайын. Жауапты ведомствоның мәліметінше, жыл сайын елордалық гарнизон бөлімшелері орта есеппен төрт мыңнан астам қызмет сапарын жасайды, 600-ден астам өртті жояды, мыңнан астам адамның өмірін құтқарып, эвакуациялайды. Кезекші тәулікте 101 және 112 қызметтеріне мыңнан астам қоңырау түседі. Тек 9 айдың ішінде елордалық құтқарушылар дабыл бойынша 4 242 рет қызмет сапарын жасады. Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмысын жүргізу кезінде кезекші қарауылдардың жеке құрамымен 257 адам құтқарылып, қауіпсіз аймаққа 378 адам эвакуацияланған. Сонымен қатар биыл елордалық өрт сөндірушілер Қостанай облысында (98 құтқарушы, 18 өрт техникасы), Абай облысында (103 өрт сөндіруші және 18 техника) және Павлодар облысында Ертіс орманы өртіне қарсы күресте әріптестеріне зор көмек көрсетті. Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары апатты жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Түркия Республикасына барды. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар қойылған міндетті абыроймен орындап, алғысхат, медаль және төсбелгілерімен марапатталды.
«Қызметтік борышқа адалдық, мамандыққа деген сүйіспеншілік, мінездің беріктігі мен жауаптылығы құтқару ведомствосының қызметкерлеріне өзінің қиын жұмысын лайықты орындауға мүмкіндік береді. Өрт сөндірушілер үшін төтенше жағдай – бұл әдеттегі жұмыс күні, штаттық кезең. Олар күн мен түннің кез келген уақытында, боран мен аязда, жаңбыр мен дауылда, аптап ыстықта кез келген көңіл-күйде отқа да, суға да түсуге дайын. Қысқа уақыт ішінде қызыл жалынмен күресудің алдыңғы қапталында өз міндетін атқарған қызметкерлерден айырылдық. Олар батылдық, табандылық таныту арқылы адамдардың өмірін сақтап қалды. Қаһармандарымыздың есімін мәңгі есте сақтаймыз. Осындай батырлардың бірі – былтыр қараша айында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулин. Асқардың батыл, батыр әрекетінің арқасында адам өмірі сақталды. Ол туралы мейірімді, жарқын және мәңгілік естелік жүрегімізде мәңгі қалады», – деп атап өтті Астана қалалық ТЖД өкілі.
Күні кеше Асқар Забикулин атындағы көшенің, №6 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде оған арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті.
Асыл ТҰМАР