Қытайдың Ханжчоу қаласында өтіп жатқан Азия пара ойындарында қазақстандық жүзу шебері Нұрдәулет Жұмағали чемпион атанды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Н.Жұмағали SB13 санаты бойынша 100 метрге брасс әдісімен жүзуде 1:05.92 нәтижемен мәре сызығын бірінші болып қиды.
Өзбекстандық Фирдавсбек Мұсабеков екінші, тағы бір қазақстандық Нұрали Советқанов үшінші орынға көтерілді.
Осылайша, қазақстандықтар алтын медаль санын 5-ке жеткізді.
Сонымен қатар батысқазақстандық паратаэквондошы Марьям Сәлімгереева 65 келіге дейінгі салмақта қола жүлдені жеңіп алды.
БҚО Денешынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Марьям Магомедсаидқызы 1998 жылдың 13 наурызында Ресей Федерациясы Дағыстан Республикасы Каспийск қаласында дүниеге келген.
2015-2019 жылдары Махачкала қаласындағы Дағыстан мемлекеттік педагогикалық университетінің дене шынықтыру және тіршілік қауіпсіздік негіздері факультетін бітіріп, жоғары білім алған.
Университет қабырғасында оқып жүріп, паратаэквондо спортымен шұғылдана бастаған.
2021 жылы отбасы жағдайымен Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы орталығы Ақсай қаласына қоныс аударған.
Бапкері – Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ербол Мерғалиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азия пара ойындарында Қазақстан қоржынына тағы үш медаль түскенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ парадзюдошы Олжас Оразалыұлы Қазақстан қоржынына төртінші алтынды салды.