Астана қаласының халықаралық әуежайында соңғы уақытта жолаушылардың чемодандарын рұқсатсыз ашып, ондағы ақшалай қаражатын, алтын бұйымдарын және басқа да бағалы заттарын ұрлау жағдайларының көбейіп барады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәселен, 2023 жылдың тамызында «Астана-Стамбул» бағытының жолаушысы ұшып келгеннен кейін чемоданынан 19 000 АҚШ доллары сомасында ақшалай қаражатының жоғалғанын анықтады.
Жол жүгінен 7 800 АҚШ долларын ұрлау туралы дәл осындай өтініш «Астана-Дубай» бағытындағы әуе рейсінің жолаушысынан да келіп түсті.
Осыған байланысты, көлік полицейлері көлік прокуратурасымен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен әуе айлағында жүк тиеуші болып жұмыс істеген 6 адамнан тұратын адамдар тобын ұстады.
Ұсталғандар өз кінәларын мойындады. Ақшалай қаражаттың бір бөлігі алынып, иелеріне қайтарылды.
Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, күдікті тұлғалардың басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Сонымен қатар, тергеу органы ҚПК-нің 200-бабы тәртібінде елордалық әуежайға қылмыстық құқықбұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою туралы ұсыныс енгізді, бұл «соқыр зоналарды» алып тастау, қызметкерлерге қойылатын талаптарды қатаңдату және басқа да шаралар.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.