Эмманюэль Макрон және Виктор Орбан ресми сапармен Қазақстанға келеді

Қарашаның алғашқы аптасында Астанада маңызды жиындар өтеді.

1 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Франция президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға ресми сапармен келеді, деп хабарлайды Aikyn.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Сапар аясында екі ел басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері жөнінде келіссөз жүргізеді. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылайды.

2 қарашада Астана қаласына Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан ресми сапар жасайды.

Сапар барысында тараптар Қазақстан мен Мажарстанның сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастығын одан әрі кеңейтуге қатысты келісөз жүргізеді деп жоспарланып отыр.

3 қарашада елордада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) мерейтойлық Х саммиті өтеді.

Жиынға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер – Әзербайжан, Қырғыз Республикасы, Түркия, Өзбекстан президенттері, сондай-ақ ТМҰ-ға бақылаушы мемлекеттер – Мажарстан мен Түрікменстан басшылары қатысады.