Сарыағашта 5 жасар қызды зорлаған педофилге жеңіл жаза кескен судья жұмыстан босайтын болды. Мұндай шешім Жоғарғы сот кеңесінде өткен сот жюриінің отырысында қабылданды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Жоғарғы сот кеңесіндегі сот жюриінің отырысында жергілікті судьяларға қатысты тәртіптік істер қаралды.
Отырыс қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы аудандық сотының судьясы ескерту түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Алматы және Түркістан облысы аудандық соттарының екі судьясына қызметінен босату түрінде тәртіптік жаза қолданылды.
Жаза қолдануға азаматтық және қылмыстық істерді қарау кезінде заңды өрескел бұзу, сондай-ақ судьялық этикаға қайшы келетін теріс қылық жасау фактілері негіз болды.
Тәртіптік жауапкершілікке тартылған судьялардың арасында Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының судьясы Н.Б. Шетенов бар.
Тәртіптік істі қарау қорытындысы бойынша Н.Б. Шетеновті судья қызметінен босату жөнінде шешім қабылданды.
«Тәртіптік жаза қолданылған судьялар өздеріне қатысты шешімге Жоғарғы сот кеңесіне шағымдануға құқылы. Сол себепті сот жюриінің шешімі заңды күшіне енген жоқ. Сонымен қатар, заңнамада көзделген негіз бойынша сот жюриі тәртіптік теріс қылық құрамының болмауына байланысты аудандық соттардың 6 судьясының ісін тоқтатты. Аудандық соттардың бұрынғы екі судьясына қатысты іс жүргізу олардың судья қызметінен босатылуына байланысты тоқтатылды» делінген Жоғарғы сот кеңесінің аппараты таратқан ақпаратта.
Еске салсақ, Түркістан облысының Сарыағаш ауданында аулада ойнап жүрген 5 жасар Еркежан Нұрмаханды көршісі үйіне алдап кіргізіп, кейін зорлап, бірнеше рет пышақтап өлтірген болатын.
Жуырда 48 жастағы педофил өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Фото: trk.sud.kz