Оспан Әжібековтің айтуынша, заңбұзушылықтардың алдын алу іс-шарасы аясында мемлекеттік сатып алу саласындағы бақылау (камералдық бақылау) ерекше басымдыққа ие. Осы ретте департаментпен камералдық бақылау шеңберінде мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы жеке және заңды тұлғалардың 4 104 арыз-өтініші қаралған. Оның ішінде 605-і толық қанағаттандырылып, 1 609-ы ішінара қанағаттандырылған. Ал 1 890 арыз өз дәлелін таппаған.
– Жалпы, анықталған бұзушылықтарды жою туралы 3 775 хабарлама жолданды. Атап айтсақ, хабарламалардың басым бөлігі конкурстық құжаттамада өнім берушілердің қатысуын шектейтін және негізсіз күрделендіретін артық талаптарды қойғаны үшін жолданған. Оның ішінде негізсіз түзілген қосымша келісімшарттардың алдын алу бойынша 146 хабарлама, негізсіз бір көзден алу тәсілімен түзілуге жататын келісімшарт бойынша 1 126 хабарлама жолданды, – деді Оспан Әжібеков.
Айта кетейік, Сыбайлас жемқорлықты болдырмау және алдын алу мақсатында 2022-2023 жылдары жалпы 50 іс-шара аясында техникалық оқу жүргізілген.
Т.БЕЙСЕН