Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалдық музейін аралап көрді. Мемлекет басшысына Шоқан Уәлихановтың өмірі мен еңбек жолы, әскери қызметі, тарихи-этнографиялық, географиялық зерттеулері және ғұмырының соңғы кезеңі туралы тарихи деректер мен жәдігерлер таныстырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Шоқан Уәлиханов жайлы жазылған еңбектің бәрін оқып шыққанын еске салып, оның зерттеу жұмыстарымен таныс екенін айтты. Сонымен қатар Президент музейдегі жәдігерлерді әлі де толықтыра түсу керек екеніне назар аударды. Құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырып, музей қызметкерлерімен әңгімелесті. Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша музейге және осы мәдени-туристік нысанға баратын жолға жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын.
Одан соң Президент Жетісу облысының туристік әлеуетімен танысты. Мемлекет басшысына Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалдық музейінде Жетісу облысының туризм саласын дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде қысқаша мәлімет берілді. Облыс әкімінің орынбасары Рустам Әлидің айтуынша, туризм саласының дамуына қатысты негізгі көрсеткіштерде өсім байқалады. Соңғы үш жылда өңірге келген туристер саны екі есе артқан. Ал осы саладағы көрсетілетін қызметтер көлемі 16 миллиард теңгеге дейін өскен. Аталған бағыттың дамуына тың серпін беру үшін бірқатар инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, қазір Алакөлге көліктің бірнеше түрімен жетуге болады. Былтыр Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағына реконструкция жасалып, тұрақты әуеқатынасы жолға қойылды. Биыл «Астана – Достық» бағыты бойынша «Тальго» пойызы іске қосылды және «Үшарал – Достық» автожолының реконструкциясы аяқталды. Қазір «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автожолын қайта жөндеу, Алакөл курорттық аймағында жоғары вольтты электр желілерін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Балқаш» туристік-рекреациялық аймағының бас жоспары» әзірленді. Оның аясында ұзындығы 16 шақырым болатын жағалауға бюджет есебінен инженерлік-коммуникациялық желі тартылып, жалпы аумағы 860 гектар жерге 7 бағыттағы демалыс аймақтары орналастырылады. Жоспар шеңберінде 30 миллиард теңгеге дейін жеке инвестиция тарту көзделген. Мемлекет басшысы туристік-демалыс аймақтарына инженерлік-коммуникациялық желі жүргізумен және абаттандырумен белсенді түрде айналысып, облыстың туристік әлеуетін арттыру қажет екенін айтты.
– Жалпы, облыста туристік нысандар жеткілікті. Сондықтан оның бәріне тиісті деңгейде мән беріп, дамыту керек. Туризм Жетісу облысы экономикасының басым бағыты болуға тиіс. Туристер неғұрлым көбірек келсе, облысқа да оң септігін тигізеді. Облыстың туризм саласындағы әлеуеті өте зор, – деді Президент.
Осыдан соң Мемлекет басшысы Жетісу өңіріндегі ірі өндіріс ошақтарының бірі саналатын ALACEM цемент зауытын аралап көрді. 2020 жылы индустрияландыру бағдарламасы аясында іске қосылған Қазақстан – Сингапур бірлескен кәсіпорнында құрғақ әдіспен жылына 1,5 миллион тонна цемент өндіріледі. Жоба құны – 47 миллиард теңге. Зауытта, негізінен, азаматтық және өндірістік нысандар құрылысында кеңінен пайдаланылатын M400, M450, М500 маркалы цемент түрлері шығарылады. Кәсіпорынның басқарушы директоры Станислав Щербаковтың айтуынша, зауыт Алматы қаласының, Жетісу және Алматы облыстарының цемент өніміне деген сұранысын 65 пайызға дейін қамтамасыз етеді. Кәсіпорынның өндіріс және көлік-логистикалық учаскелерінде 600 адам жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар. Сонымен қатар өнімді өткізу, дилерлік желілер арқылы қосымша 200-ге жуық жұмыс орны ашылды.
Мемлекет басшысы зауыт жұмысшыларымен әңгімелесіп, осындай ірі өндірістің ашылуы құрылыс индустриясын дамыту, әсіресе жергілікті инфрақұрылымды жетілдіру үшін маңызды екенін атап өтті. Бұған қоса, компания құрылтайшылары елімізде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың ауқымын кеңейтіп жатыр. Атап айтқанда, 2021 жылы Абай облысының Жарма ауданындағы «Қазақцемент» кәсіпорнын сатып алып, модернизация жасау арқылы 450 жұмыс орнын ашқан. Сонымен қатар таяу жылдары Жамбыл облысы Қордай ауданында тағы бір цемент өндіру зауыты іске қосылмақ. Зауыт өнімі көршілес Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттеріне экспортталады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облысына жұмыс сапары өңір орталығы Талдықорған қаласында жалғасты. Президент Талдықорған драма театрына барды. Театрға есімі берілген Қазақ ССР Халық әртісі Бикен Римованың бюстіне гүл шоғын қойды. Одан соң Мемлекет басшысы театр ғимаратын аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаев Талдықорған драма театрында Жетісу облысының зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, пікір алмасты.
– Бүгін, міне, халқымызға танымал аса көрнекті актриса Бикен Римова театрында кездесіп отырмыз. Өте қуаныштымын. Шын мәнінде, біз өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға беруіміз керек. Бұл еліміздің болашағы үшін, жас ұрпаққа дұрыс жол көрсету үшін қажет, – деді Президент.
Кездесуге қатысушылар еліміздің мәдениет саласына ерекше көңіл бөлініп, мемлекеттің қолдауын сезініп отырғанын жеткізіп, Президентке алғыс айтты. Сонымен қатар облыс ақсақалдары кеше Республика күнінде өзіңіз көтерген көк байрағымыз жығылмасын деген тілегін білдірді. Мемлекет басшысы бұл, ең алдымен, тұрақтылықтың, тыныштықтың арқасы екеніне назар аударды.
– Өздеріңіз білесіздер, әлемдегі ахуал күрделі. Ең құбылмалы кезде тұрмыз. Күрделі кез. Сол себепті бейбітшілік біздің басты байлығымыз екенін жақсы түсінуіміз керек. Бірлігіміз мығым боп, бір ел болып еңбек етуіміз қажет. Елде заң үстемдігі мен тәртіп болса ғана, тыныштық пен даму болады. Президенттен бастап бәріміз Конституцияны құрметтеп, заңға бағынуымыз керек. Заң алдында бәріміз теңбіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу соңында Президент еліміздегі бастамалардың тиімді жүзеге асырылуына елеулі үлес қосып жүрген облыс белсенділеріне ризашылығын білдірді.
Осыдан кейін Мемлекет басшысы Талдықорған қаласында салынып жатқан жаңа шағынауданда болып, құрылыс барысымен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңа шағынауданда 41 тұрғын үй салынып жатқаны жөнінде баяндалды. Мұнда 1 510 пәтердің жалпы ауданы – 122,6 мың шаршы метр. Құрылысқа 28,3 миллиард теңге бөлінген. Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзілдің айтуынша, осы шағынауданда былтыр аумағы 44,1 мың шаршы метр болатын 509 пәтерлі 14 үйдің құрылысы аяқталған. Ал биыл жыл соңына дейін 783 пәтерлі тағы 21 үйді аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Қаратал өзенінің оң жағалауын дамыту қарастырылған. Жаңа шағынаудандарда алдағы уақытта 28 мыңнан астам адам тұрады деп болжам жасалып отыр. Кездесу соңында Президент Үкіметке аталған мәселелерді зерделеп, тиімді шешім қабылдауды тапсырды.
Осыдан соң Мемлекет басшысы Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты. Президентке Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәлімет берді. Өңір әкімі Мемлекет басшысына аймақ экономикасының барлық негізгі саласының дамуында оң үрдіс сақталып отырғанын айтты. Облыстағы өндіріс көлемі 5,8 пайызға, ауыл шаруашылығы 1,7 пайызға ұлғайған. Ал сауда мен құрылыс салаларының даму көрсеткіштері 1,6 есе өсті. 198,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,2 пайызға көп. Облыс экономикасына 213,9 миллиард теңге инвестиция тартылған, соның ішінде жеке инвестициялар 15,7 пайызға көбейді. Бейбіт Исабаев облыстың өнеркәсіп өндірісінде 533 кәсіпорын жұмыс істейтінін, онда 26,6 мың адам еңбек етіп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, өндіріс көлемі 230,1 миллиард теңгені құрады. Биыл жалпы құны 46,9 миллиард теңге болатын 14 нысанды іске қосу жоспарланған. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,7 пайызға өскен. Оның ішінде егін алқабы 1,9 мың гектарға ұлғайған, ал қант қызылшасын өсіретін жер көлемі 2 есе артып, 8,7 мың гектарға жеткен. Сонымен қатар облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ақсу қант зауытына толық жөндеу жүргізіліп, іске қосылғаны туралы, облыста су жүйесін қайта жаңарту және салу үшін 22 жобаның іске асырылып жатқаны туралы, әлеуметтік нысандар салу мәселесі туралы баяндады. Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың даму қарқынын оң бағалап, осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыруды тапсырды.
Президенттің Жетісу облысына жұмыс сапары Қаратал ауданында жалғасты. Мемлекет басшысы аудан орталығы – Үштөбе қаласындағы Қаратал тарихи-өлкетану музейіне барды. Музей биыл пайдалануға берілген. Жалпы ауданы 2 520 шаршы метр болатын қос қабатты ғимаратта өлке тарихына қатысты 350-ге жуық экспонат қойылған. Мемлекет басшысына музейдегі археологиялық артефактілер, этнографиялық жәдігерлер көрсетіліп, Қаратал ауданының тарихы және жазушы Кемел Тоқаев, Қазақ ССР Халық әртісі Бикен Римова, осы өңірден шыққан ақын-жыраулар, би-шешендер мен елге еңбегі сіңген басқа да тұлғалар туралы тың деректер таныстырылды.
Президент музейде жергілікті зиялы қауым өкілдерімен жүздесу барысында мұражайды аралап шыққанын және ондағы жәдігерлерді көбейту керегін атап өтті. Сондай-ақ қоғам дамуы үшін мұндай мәдени нысандардың қажет екеніне назар аударды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Одан соң Мемлекет басшысы Үштөбе қаласындағы әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Әуелі ол биыл ашылған 30 орындық жатақханасы бар Гуманитарлық колледжге барды. Мұнда болашақ педагогтерге «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Бастауыш білім беру педагогикасы және әдістемесі» мамандықтары бойынша білім беріледі. Оқу орнында 17 заманауи аудитория, мәжіліс және спорт залдары, медициналық кабинет, асхана мен буфет бар. Колледж инклюзивті орта талаптарына сай жабдықталған, яғни ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін пандус пен арнайы лифт қойылған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Үштөбедегі орта мектепке барды. Білім ошағы 1963 жылы салынған. 1996 жылы мектепке Кемел Тоқаевтың есімі берілген. Президентке қаламгер Кемел Тоқаевтың шағын кабинет-мұражайы таныстырылды. Мұнда жазушының шығармалары, тұтынған жеке заттары қойылған. Сондай-ақ Мемлекет басшысы биыл салынып, халық игілігіне берілген дәрігерлік амбулатория жұмысымен танысты. Аталған медициналық мекеме бір ауысымда 50 адамды қабылдай алады. Емделушілер үшін стационар, физиотерапия, процедуралық, екпе салу, гинекология және басқа да медициналық кабинеттер жұмыс істейді.
Одан соң Мемлекет басшысы Жетісу облысындағы мәдениет және спорт нысандарын аралап көрді. Жетісу облысы Қаратал ауданының Кәлпе ауылына Президентке 200 орындық мәдениет үйі таныстырылды. Бұл нысанның жалпы ауданы – 739 шаршы метр. Мәдениет үйінде бірнеше шығармашылық үйірме жұмыс істейді. Сонымен қатар Президент осы ауылда бой көтерген спорт кешенінде болды. Нысанның жалпы ауданы – 887,7 шаршы метр. Модульді ғимаратта спорт залы, балалар ойын алаңы және воркаут қарастырылған. Бұдан кейін Мемлекет басшысы Талдықорған қаласындағы жаңадан салынған Jetysu Аrena жабық мұз айдынын аралап, спортшылармен әңгімелесті. Спорт нысаны толықтай жеке кәсіпкердің қаражатына салынып, Республика күні ашылған. Жалпы инвестиция көлемі – шамамен 900 миллион теңге. Кәсіпкер Мұхаметжан Серікұлының айтуынша, бұл нысанда тұрғындар шорт-трек, хоккей және мәнерлеп сырғанау сияқты қысқы спорт түрлерімен айналыса алады. Сонымен қатар мұнда паралимпиадалық, яғни шаналы хоккеймен шұғылдануға болады. Нысанның жалпы аумағы – 2235,8 шаршы метр. Кешен кәсіби технологиялық құралдармен, оның ішінде тоңазытқыш, мұз құю және спорт жабдықтарымен қамтылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел игілігі үшін еңбек етіп жатқан кәсіпкерге ризашылығын білдірді. Президент спортшылармен әңгімелесу кезінде мемлекет аталған саланы одан әрі қолдайтынына тоқталып, жастардың спортпен тұрақты айналысқанын құптайтынын айтты.