Қуыршақ театрларының фестивалі өтті

Таяуда Алматыда Мем­лекеттік қуыршақ театрының ұйымдастыруымен жүзеге асқан І Халықаралық Almaty Puppet Festival қуыршақ театрлар фестивалі мәресіне жетті. Аталмыш фестиваль Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен биыл алғаш рет өткізіліп отыр

Руханият өкілдерінің басын қосқан шараның басты мақсаты – қуыршақ театры өнерінің көр­кемдік-эстетикалық ізденісі арқылы театр жанрының көкжиегін кеңейту, халықаралық шығарма­шылық қатынасты нығайту, көрер­менді қуыршақ театры әлемінің заманауи шығармашылығымен таныстыру. Халықаралық деңгейде өткен фестивальде Польша, Грузия, Болгария, Түркия, Өзбекстан, Қазақстан мемлекеттерінің 14 үздік театр ұжымы мен 150-ге жуық қуыршақ шебері көпшілікке өнерін паш етті. Одан өзге фестиваль аясында қойылымдар көрсетілі­мінен тыс шараға қатысушылардың арасында театр саласындағы ма­мандардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында «Қуыршақ театры суретші көзімен», «Грим және театр», «Қуыршақ театрын­дағы режиссёрлік ізденістер», «Пан­томима және қуыршақ: ор­га­ни­калық байланыс» тақырыбында шеберлік сағаттар мен дәрістер өтті. Ұйымдастырушылардың сөзінше, әлемдік және отандық қуыршақ театрының даму тен­денцияларын, жаңашыл бағыттары мен заманауи ерекшеліктерін айқындайтын қойылымдар ұсыну арқылы қала тұрғындары мен қо­нақтарының рухани құндылықта­рын арттыру маңызды. Мұндай ауқымды жиындарды жиі өткізу – Алматы қаласының халықаралық деңгейдегі имиджінің оң қалып­тасуына ықпал етеді. 

Мемлекеттік қуыршақ театры директорының дамыту жөніндегі орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Тушаев қуыршақ театрлар фестивалі енді әрмен қарай жыл сайын жалғасын табатынын атап өтті:

– Алматыда алғаш рет Халық­ара­лық қуыршақ фестивалі ұйым­дастырылып отыр. Фестиваль елі­міздің айтулы мерекесі – Респуб­лика күніне арналады. Біз әлемнің түкпір-түкпірінен жүлделі орын­дар­мен қайтып жатырмыз. Әрине, бізде де осындай шаралардың ұйым­дастырылғаны дұрыс. Бұл тек  алғашқы бастамасы ғана. Халық­аралық деңгейдегі фестивальді өткізудегі мақсатымыз –  қуыршақ жанрындағы театрлардың басын қосып, бір-бірімен тәжірибе ал­масуына мүмкіндік беру, қуыршақ театры әртістерінің сахнада ойнау шеберлігі, заманауи қуыршақ­тардың жасалуы, қазіргі қуыршақ театрларының қай бағытта дамып жатқанын сараптан өткізу. Мә­дениеттің ошағы –  Алматы қала­сында мұндай шараның өткізілуі заңдылық деп ойлаймын. Ал фес­тивальде ұсынылатын қойылымдар арнайы көркемдік кеңестен өт­кізілді. Бізде көбіне балалар тақы­рыбында, сондай-ақ ересектерге арналған қойылымдар бар. Өкі­нішке қарай, қазір драматургтер жасөспірімдер тақырыбында жаза бермейді. Сондықтан мұндай спек­такльдер театрларда көптеп қойыл­майды. Фестивальге әртүрлі жас ша­масына арналған түрлі фор­мат­тағы қойылым келді. Өзге ел театр­ларының қойылымын қара­саңыз, қуыршақпен адамды ойлан­дырып тастайды. Философиялық шешім­дер­ге толы үлкен дүниелерді ұсы­нып жатады. Сондықтан біз фести­валь­де көрсетілетін қойы­лым­дарды іріктеу кезінде ойымыз­дағы мүд­де­ден шығатын дүниелерді қабыл­дау­ға  тырыстық, – дейді театр дирек­торының орынбасары Б.Тушаев.

Фестиваль қорытындысы бо­йынша Батуми Мемлекеттік кәсіби қуыршақ және Жас көрермендер театры «Үздік спектакль» аталымы бойынша Гран-при иегері атанса, «Үздік режиссер» аталымымен Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыр­шақ театры, «Үздік ансамбль» ата­лымы бойынша Өзбекстан Рес­публикасы, Ферғана облыстық қуыр­шақ театры, «Үздік суретші» ата­лы­мымен С.Сейфуллин атын­дағы Қарағанды облыстық акаде­миялық қазақ драма театрының қуыршақ труппасы, «Жаңашыл көз­қарас» аталымында С.Қожам­құлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының қуыр­шақ труппасы, сондай-ақ «Қуыр­шақ театрының ұлттық дра­матургиясын дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымымен Надежда Насырова марапатталды. Жеңім­паздарға арнайы қаржылай сыйақы табысталды.

Алматы қаласының Мемле­кеттік қуыршақ театры – тамырлы тарихы 1935 жылдан бастау алған Республика тарихындағы тұңғыш қуыршақ театры. Бүгінде өнер ордасы таяқ қуыршақтан бастап, заман ағымына сай күрделі марио­неткалар, соңғы үлгідегі техни­калық-лазерлі көркемдеулермен жабдықталған. 88 жылдық тарихы бар өнер ордасы әр жыл сайын көрермен талғамы мен қызығушы­лығына сай қойылымдар арқылы арнасын толықтырып, жаңаша тың жобаларды іске асыруды мақсат тұтады. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ