Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында болған төтенше жағдайға байланысты әлеуметтік желідегі парақшасында көңіл айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
"Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында болған төтенше жағдай бәріміздің қабырғамызды қайыстырып кетті. Апат салдарынан қаза тапқан кеншілердің отбасылары мен жақындарына көңіл айтамыз. Сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетулеріне тілектестігімізді білдіреміз.
Мемлекет басшысы бұл жағдайды тікелей өз бақылауына алып, Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылып, тиісті жұмыстар басталып кеткенін де атап өткен жөн.
Сонымен қатар Президентіміз Үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
Еліміздің Бас прокуратурасы да сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастап кеткені белгілі.
Алдағы уақытта қолға алынған шаралар өз нәтижесін беріп, кінәлілер заң жүзінде жауапқа тартылады деп сенеміз және мұндай төтенше оқиғалар енді ешқашан қайталанбасын деп тілейміз", — деді Мәулен Әшімбаев.