Астанадағы Mega Silk Way сауда-сауық орталығында Explore Jana Qazaqstan фотокөрмесі ашылды. Бұл көрме Explore Jana Qazaqstan командасының National Geographic Qazaqstan редакциясымен бірлесіп, биылғы мамыр мен қыркүйек аралығында ұйымдастырған 5 экспедициясының нәтижесінде дайындалған. Аталған экспедицияға Xiaomi қолдау көрсетті.
Экспедиция мақсаты Қазақстанның туристік өңірлерінің әлеуетін ең үздік отандық фотографтар мен саяхатшы блогерлердің фотоаппараттары мен видеокамераларының обьективі арқылы паш етіп, ішкі туризмді дамытуға қосымша серпін беруді көздеді.
Соған орай, команда мүшелері еліміздің Түркістан, Алматы, сондай-ақ шығыс пен батыс өңірлерінде болып, байтақ Отанымыздың алуан айшықты тұмса табиғатымен танысты.
National Geographic Qazaqstan редакциясы осы сапарлар барысында түсірілген 3500-ден астам фотосуреттің ішінен, Xiaomi 13 сериясы телефонымен айшықталған ең үздік 25 суретті іріктеп, көрмеде ұсынып отыр.
Ұлан-ғайыр жеріміздің тамаша табиғатының ғажайыптарын көрсететін көрме 28 қазаннан 18 қарашаға дейін жалғасады.