Мемлекет басшысы өрт салдарынан қаза тапқан кеншілердің отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.
– Мен Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға көңіл айтамын. Бұл – қасірет. Бәрін түсінемін. Апат болды. Апаттың кесірінен көптеген адам қаза тапты. Сондықтан бұл жерге арнайы келдім. Тиісті шаралар қабылдаймыз, соның ішінде зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетеміз. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасылары ешқандай мұқтаждық көрмеуі үшін Үкімет, әкімдік және қайырымдылық ұйымдарының алдында жан-жақты көмек көрсету міндеті тұр, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысының айтуынша, жер астында қалған кеншілерді құтқару, зардап шеккен және қаза болған азаматтардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсету – кезек күттірмейтін міндет.
– Ең алдымен, құтқару жұмыстары жүргізіледі. Екіншіден, зардап шеккендер мен медициналық көмекке мұқтаж азаматтардың нақты санын анықтауымыз керек. Үшіншіден, осы апаттан зардап шеккендердің барлығының отбасына материалдық көмек көрсетеміз. Егер қажет болса, арнайы қор ашамыз. Мұнымен өзім айналысамын. Қазір кеншілердің зейнетке шығу жасына қатысты мәселе де қарастырылып жатыр, – деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан соң Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамына қарасты Костенко атындағы шахтада болған апат салдарын жою жөніндегі жедел штаб отырысын өткізді.
Ең алдымен, құтқару жұмыстарының барысы және қазіргі ахуал туралы Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов баяндады.
– Апат кезінде шахтада 252 адам болған. 206 қызметкер өз бетінше көтерілді. Қазір апаттық-құтқару жұмыстарына 10 бөлімше, 55 тау-кен құтқарушы және 12 техника жұмылдырылды. Жұмыстар екі өндіру учаскесі аумағында жүргізілуде. Жаңа өрт ошақтары байқалмайды. Жұмыс тәулік бойы жалғасады, – деді Сырым Шәріпханов.
Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрінің баяндамасын тыңдап болғаннан кейін іздестіру-құтқару жұмыстарын барлық қажетті күшті тарта отырып, күшейтілген режимде жалғастыруды тапсырды.
– Жаңа ғана азаматтар әр 10-15 минут сайын ақпарат беріп тұру мәселесін көтерді. Мүмкіндігінше қамтамасыз ету керек. Халықпен қарым-қатынас жасайтын бір өкіл болсын. Жұртшылықты ақпаратсыз қалдыруға болмайды. Бұл – өте шетін әрі мүлдем жол беруге болмайтын мәселе. Біз күн-түн демей, соңына дейін күресуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан соң Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният зардап шеккен азаматтарға көрсетіліп жатқан медициналық көмек туралы мәлімет берді.
– Медициналық көмек жедел әрі толық көрсетіліп жатыр. Әртүрлі деңгейде газдан уланғандар токсикология бөлімшесінде ем алуда. Медициналық көмек көрсетуге барлық дәрігер жұмылдырылды, – деді Ажар Ғиният.
Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қаза тапқан кеншілердің отбасыларына қандай әлеуметтік көмек көрсетілетінін айтты.
– Қаза тапқан азаматтардың отбасыларына асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы тағайындалады. Ол республикалық бюджеттен, әлеуметтік сақтандыру қорынан және өмірді сақтандыру компаниясынан төленеді. Жәрдемақы көлемінің жалпы орташа мөлшері асырауындағы адамдар 18 жасқа толғанға дейін ай сайын 400-500 мың теңгеден басталады. Егер балалар жоғары оқу орындарында білім алып жатқан болса, онда 23 жасқа дейін төленеді. Әзірге барлық төлемді өтеу «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына жүктеледі. Кәсіпорын ұжымдық шартқа сәйкес жылдық төлем тәуекелдерін төлеуге міндетті. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жерлеу рәсімдеріне байланысты барлық шығынды, сондай-ақ балаларды жоғары оқу орындарында оқытуды өз мойнына алуға тиіс, – деді Светлана Жақыпова.
Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгенін және кәсіпорынға тиесілі меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру жөніндегі мәмілені ресімдеу процесі аяқталуға жақын екенін баяндады.
Үкіметтік комиссия мүшелерінің баяндамаларын тыңдаған Президент апатты жою және кеншілерді құтқару үшін барлық шараны қабылдауды, сондай-ақ қаза тапқан және зардап шеккен азаматтардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсету жөнінде тапсырма берді.
– Сіздердің міндеттеріңіз – адамдармен тікелей жұмыс істеу, кездесу, сондай-ақ жедел топты қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету. Біз қазір қалыптасқан жағдайды түсіндіру, ең бастысы, шешім қабылдау үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Жергілікті әкімдік тиісті шешім қабылдауы қажет. Кәсіпорынның сұраныстарына сүйене отырып, қажетті нәрсенің бәрін анықтаңыздар. Үкіметтік комиссия барлық мәселені пысықтауға тиіс. Мен не істеу керек екенін айттым. Әркім өзіне қатысты жұмысты біледі. Министрлер, басшылар өздерінің жұмыс тәсілдерін білуі керек. Президент әр оқиға сайын келіп, тапсырма береді деп күтіп отыруға болмайды. Вадим Борисович Басинге кәсіпорынды басқаруды өз қолына алуды тапсырамын. Үкімет пен әкімдікке жан-жақты тиісті көмек көрсетуді, Төтенше жағдайлар министрлігіне мүдделі құрылымдармен бірлесіп апат салдарын жою және кеншілерді құтқару үшін барлық шараны қабылдауды тапсырамын. Ішкі істер министрлігі зардап шеккен адамдардың отбасыларымен жұмыс істеуі керек. Үкіметтік комиссияға азаматтардың қаза болуына әкеп соқтырған өрттің мән-жайын тергеуді, барлық кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.