Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан балабақшаға екпе алмаған балаларды қабылдамауды заңмен бекітуге қарсы шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Бүгін мәжілісте "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс жобасы бірінші оқылымда қаралды. Аталған құжатта балаларға кейбір ауруларға қарсы екпе салдыру міндетті деп көрсетілген. Екпе салынбаған балаларды балабақшадағы ұжымдық иммунитеттің жоғары деңгейі сақталған жағдайда ғана алуға рұқсат беріледі. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан қоғамда дау туғызған баппен келіспейтінін жасырмады.
"Мен сайлаушыларымның аманатын жеткізе отырып, осы 89-бапқа қарсы шығатынымды жеткізгім келеді. Жұмсақ күш, иландыра түсіндіру әдісімен көндірудің орнына бас көз жоқ "міндетті" деп заңға қондырып, тізеге салудың қандай реті бар? Үкімет күшіне сенбей ме, әлде еріне ме?", - деді ол.Депутат жалпы вакцинаға қарсы емес екенін, балаларына салдыратынын айтты. Бірақ мұның неге заңмен міндеттеліп отырғаны Тілеуханға түсініксіз. "Бас прокуратурадан сұрайтыным, бас тартқан адам іс жүзінде заң бұзушы болып шыға келе ме? Конституцияның 29-бабына қайшы келмей ме? Әр адам өзінің денсаулығын қорғауға құқығы бар. Маған түсіндіріңіздерші, маған түсіндіре алмасаңыздар, қоғамға түсіндіруге өте қиын болады. Неге біз міндеттеуіміз керек?", - деді мәжілісмен. Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов мұның Ата заңға қайшы емес екенін мәлімдеді. "Егер адамның өміріне, денсаулығына қауіп болса, басқа заңмен оның құқығын, яғни, білім алу, еңбек ету құқығын шектеуге мүмкіндік бар. Себебі, бізде адамның өмірі мен денсаулығы ең құнды деп есептеледі. Сондықтан, Конституцияға қайшы емес", - деп жауап берді ол.