Алдағы уақытта түркістандық балалар ағылшын тілін тегін үйренеді. АҚШ Елшілігінің English Access бағдарламасы мұқтаж отбасылардан шыққан балаларды ағылшын тіліне, сондай-ақ жеке өсу, цифрлық сауаттылық, еріктілік дағдыларына үйретуге бағытталған. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Қазақстан Республикасындағы АҚШ-тың Төтенше және өкілетті елшісі Дэниел Натан Розенблум бастаған делегациямен кездесуі барысында белгілі болды.
Жиында тараптар экономикалық өркендеу, жасыл энергетика мүмкіндіктері, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті, білім беру, ауыл шаруашылығы бағытын дамыту мен қолдауға байланысты мәселелерді талқылады. Тараптар білім беру саласы бойынша ынтымақтастықты дамытудың мүмкіндіктері туралы да мәселе қозғады.
Болашақта АҚШ-пен бірлескен кәсіпорындар құруға және шетелден инвестиция тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға дайын екенін жеткізген Дархан Амангелдіұлы өңірдің тыныс-тіршілігіне тоқталды.
– Түркістан өңірі – еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі және орасан зор инвестициялық және туристік әлеуетке ие. Біздің өңірде өңдеу өнеркәсібі саласын дамытуға мүмкіндік бар. Түркістан облысы – климаттық жағдайына байланысты республикадағы мақта егетін жалғыз аймақ. Бүгінде өңірде жеміс-көкөніс, бақша дақылдары мен ет-сүт өнімдерін терең өңдеу басым бағытқа ие. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту, туризм мен білім саласына қатысты жаңа жобалаларды бастаймыз. Техникалық бағытта ІТ саласында бет бұруға күш салынған. Сондықтан жетекші шетелдік жоғары оқу орнының кампустарын ашу жоспарлануда, – деді Дархан Сатыбалды.
Көптеген жыл бұрын оңтүстік өңірде болағанын тілге тиек еткен Дэниел Розенблюм ауылшаруашылық саласында жақсы жобалар бар екенін айтты.
– Дипломатиялық миссия аясында Қазақстанның барлық өңірлерін аралауға тырысамын. Өңірдегі жағдаймен танысу үшін Түркістан облысына араға 29 жыл салып, алғаш келуім екен. Әрине, орасан зор өзгерістерге куә болдым. Біздің сапарымыздың алғашқы бағыты білім саласына байланысты. English Access бағдарламасы – мұқтаж отбасылардан шық-қан балалардың ағылшын тілін үйренуіне үлкен мүм-кіндік. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласы да маңызды. Фермерлерді са-ланы дамытудың қыр-сырын үйретуге арналған жобалар бар. Тағы бір бағыт – адам саудасымен күрес, – деп атап өтті Дэниел Розенблюм.
Басқосу қорытындысы бойынша, тараптар ынтымақтастықтың өзара тиімді барлық бағыты бойынша байланыстарды белсенді түрде жалғастыруға дайын екендерін айтты.
Айта кетейік, 2018 жылдан бастап Түркістан облысына 5,8 млрд АҚШ доллары көлемінде өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, туризм, және логистика сияқты салаларға инвестиция бағытталды. 2027 жылға дейін өңір экономикасына шамамен 6,7 млрд АҚШ доллары көлемінде жеке инвестициялар есебінен 200-ге жуық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру күтілуде.
Тельман БЕЙСЕН