Әлеуметтік міндеттемелер – ерекше назарда

Кеше Мәжілісте өткен «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген жиыны қорытындысында депутаттар «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобаларын мақұлдады.

Аталған заң жобаларында Президенттің Жолдауын және сайлауалды бағдарламасын, сондай-ақ «AMANAT» партия­сының сайлауалды бағдарламасын іске асыру ескерілді. 

Депутаттар жиынды Костенко атын­дағы шахтада қаза тапқан кеншілерді бір минут үнсіздікпен еске алумен бастады.

Отырысты ашқан Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев депутаттар мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндетте­мелерін, оның ішінде жалақы мен зейнета­қы­ны индекстеу, жәрдемақыларды кө­бейту, медициналық көмекті қамтамасыз ету сияқты басқа да басымдықтарды орын­дауға ерекше назар аударғанын атап өтті.

Бұдан соң сөз алған Премьер-Министр­дің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев республикалық бюджеттің 2024 жылға арналған шығыстары 24 трлн теңге деңгейінде деп болжанып отырға­нын жеткізді. Трансферттерді есепке алма­ғанда кірістер көлемі 16,1 трлн теңге болады деп жоспарлануда. 

«Бюджет жобасы Мемлекет басшысы­ның Жолдауын және сайлауалды бағдар­ламасын, сондай-ақ «AMANAT» партия­сының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасын іске асыруды ес­кере отырып жасалды. Бұл жұмыс – Үкі­меттің ерекше бақылауында. Мәжілісмен­дердің тікелей араласуымен 2,4 трлн тең­геге жуық қаражат маңыздылығына қарай қайта қарастырылды. Бұл өте тыңғылықты әрі жүйелі жұмыс болды. Өңірлерді да­мытуға 2024-2026 жылдарға 7 трлн теңге қарастырылған», – деді вице-премьер.

Ерұлан Жамаубаев бұдан басқа «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға 2,4 трлн теңге қарас­тырылғанын, 2025 жылға дейін 655 ден­саулық сақтау нысанын салу және 32 ау­данаралық аурухананы жаңғырту жос­парланғанын айтты. «Жайлы мектеп» ұлт­тық жобасына 1,7 трлн теңге бағыт­талып, бұл ақша 369 мектептің құрылысына жұмсалады.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фрак­циясының мүшесі Мархабат Жайымбетов бюджет жобасын әзірлеу барысында халық қалаулылары  мемлекеттік органдардан қосымша мәліметтер алу үшін 200-ден астам сауал жолдағанын жеткізді. Сондай-ақ депутаттар 300-ге жуық түзету енгізіп, бұл бюджеттің шығыс бөлігін 1,4 трлн тең­геге қысқартуға мүмкіндік берді.

«Бюджеттің шығыстарын бюджет тапшылығын ұлғайту және Ұлттық қордан берілетін трансферттер есебінен жабу үрдісі сақталуда. Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге, оның ішінде ныса­налы трансферт – 1,6 трлн теңге тарту жоспарлануда», – деді депутат.

Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партия­сының Төрағасы Ерлан Қошанов Ұлттық қор қаражатын ұтымды және тиімді пай­даланудың маңыздылығына назар ау­дарды.

«Мемлекет басшысы Үкіметке Ұлттық қордан трансферттерді қысқартуды және бюджет тапшылығы мәселесін үнемі оның қаражаты есебінен шешпеуді бірнеше рет тапсырды. Кіріс бөлігін толықтыруға ар­налған резерв мәселесін экономиканың барлық секторындағы тиімсіз шығындарды оңтайландыру арқылы шешу керек. Келесі жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жұмыс істей бастайды. Енді Ұлттық қордан ақша бөлу туралы кез келген ақпаратқа төлем алуға үміткер бала­лардың ата-аналары қатты назар аударады. Бұл өте сезімтал мәселе және оған өте мұ­қият қарау керек», – деді ол.

«AMANAT» Төрағасы Қарағандыдағы қайғылы оқиға өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі проблемалардың тағы да бетін ашқанын бас айтты. Мәселені шешу үшін партияның сайлауалды бағдар­ламасында қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін жұмыс берушінің жауапкершілігін күшейту, зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін барлық қызметкердің өмірі мен денсаулығын міндетті сақтандыру, сондай-ақ еңбекті қорғау жөніндегі стан­дарттарды жоғарылату көзделген. Енді Үкімет тиісті қаржы бөлуді ескере отырып, осы шараларды іс жүзінде жүзеге асыруға ерекше назар аударуы керек.

Сондай-ақ партия Төрағасы бюджет жо­басын қарау кезінде азаматтарға беріл­ген уәделердің сапалы орындалуына басымдық берілетінін атап өтті.

«Депутаттар заң жобасына 1,7 трлн тең­гені құраған арнайы түзетулерге ұсы­ныстар берді. Биыл біз рекордты жаңарттық деп айта аламыз. Бюджет қаражаты Мем­лекет басшысының Жолдауында, Прези­денттің сайлауалды бағдарламасында және партияның сайлауалды бағдарламасында белгіленген шараларды уақытылы және сапалы орындауға арналған. Бұл – біздің Үкіметпен бірге халық алдындағы ортақ жауапкершілігіміз», – деп түйіндеді Ерлан Қошанов.

Фракция жиналысында Мәжіліс депу­таттары Ерлан Саиров, Марат Бәшімов, Қайрат Балабиев, Юлия Кучинская, Вера Ким және басқалар сөз сөйледі. Халық қалаулылары Үкімет мүшелеріне бірқатар сұрақ қойып, толыққанды жауап алды.