Олар – нағыз жеңімпаз

Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Пара Азия ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы 41 медальмен командалық есепте 11-орынға тұрақтады. Биыл төртінші рет ұйымдастырылып, 22 қазаннан 28 қазанға дейін жалғасқан байрақты бәсекеде 43 мемлекеттен 4 000-ға жуық спортшы 22 спорт түрінен бақ сынады.

Туризм және спорт министрлігі баспа­сөз қызметі хабарлағандай,  жарысқа елімізден 131 спортшы барды. Олар дзюдо, жүзу, жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, үстел теннисі, отырып ойнау волейболы, садақ ату, таэквондо, оқ ату, шахмат, бочча, каноэ, велоспорт және академиялық есу секілді 14 спорт түрінен бәйгеге түсті. Ел намы­сын қолдан бермеген спортшы­ларымыз 8 алтын, 12 күміс және 21 қола медаль олжалап, 3 Азия және 4 Азия пара ойындарының рекордын орнатты.

Атап айтар болсақ, Пара Азия ойын­дары алғаш рет 2010 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласында байрағын көтерді. Азия ойындарынан кейін ұйымдас­тыры­латын параазиядаға Қазақстан ұлттық құрамасы сол жылдан бері тұрақты түрде  қатысып келеді. 2018 жылы Индо­незия­ның Джакарта қаласында өткен III Пара Азия ойындарында спортшыларымыз параазиада тарихында тұңғыш рет 33 медаль, 5 алтын, 15 күміс, 13 қола медаль жеңіп алды. Осы көрсеткіштің нәтижесінде Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 13 орынды иеленген-ді. Қазірге дейін Қазақстан құрамасы  2014, 2018 жылдары тек пара жүзу спортында ғана алтын алған болатын.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметіне сәйкес, ел намысын қорғап, үмітті ақтап, жүлделі оралған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына ақшалай ынталандыру сыйлықақы беріледі. Параазияда чемпионы атанған спортшыға мемлекет тарапынан 10 мың, күміс медаль иегеріне – 5 мың, қола меда­ль иегеріне 3 мың доллар беріледі. Соны­мен қатар алтын медаль иегерін жарысқа дайындағаны үшін оның жаттықтыру­шысына – 5 мың, күміс жүлдегердің бап­керіне – 3 мың және қола жүлдегердің жат­тықтырушысына 2 мың доллар көле­мін­де ақшалай сыйақы тағайындалды. Еліміздің көк байрағын желбіретіп, Әнұранын әуелетіп, халқымыздың мақ­танышына айналған параспортшылардың ерік-жігеріне бас иіп, құрмет көрсету – заңдылық. Осы орайда пара велоспортта ел қоржынына олжа салған  Парламент Мәжілісінің депутаты Сейтжан Кенже­ғұлмен хабарласып, жеңісімен құттықтаған едік.

– Рақмет! Әрине, қуаныштымын. Халықаралық деңгейдегі жарысқа бірінші рет қатысып отырмын. Бұл – менің ғана жеңісім емес, менің пилотым мен жаттық­тыру­шымның да жеңісі. Халықаралық деңгейдегі мұндай жарысқа бірінші рет қатысып отырмын. Жаттықтырушым Николай Виталиевич болмаса, жақсы нәтиже көрсете алмас едім, пилотым Антон Лаврентьев болмаса, бұл жарысқа мүл­дем қатыса алмайтын едім. Осы кісілерге алғысым шексіз. 2022 жылдың қараша айынан бастап велокоманданың бас жаттықтырушысы Николай Зайцев мені Пара Азия ойындарына дайындады. Николай Виталиевичтің еңбегінің арқасында өте жақсы нәтижеге жеттім деп есептеймін. Жаттықтырушымды 30 қазан жаттықтырушылар күнімен құттықтай­мын. Қазақтың Туын желбіреттім, ендігі кезекте қазақтың Туы мен Әнұранын алғашқы орында асқақтатсам деген арманым бар, – деді Сейтжан Кенжеғұл.

Ал Астана қаласының құрама коман­дасы спорттың 4 түрінен өнер көрсетті. Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаевтың айтуынша, сары құрлықта өткен байрақты бәсеке еліміз үшін өте сәтті өтті. Себебі еліміз өз тарихында жүлде саны мен сапасы жағынан барлық рекордты бұзды. Екіншіден, Қазақстан алғаш рет пара дзюдо, пара жеңіл атлетика, пара пауэрлифтинг спорт түрлерінен алтын жүлдеге ие болды.

«Облыс арасында медаль саны бойынша көш басында астаналық пара спортшылар жайғасты. Астана қаласы – 2 алтын, 1 күміс, 2 қола медальға ие болды. Пара дзюдодан өнер көрсеткен 24 жастағы Ақмарал Науатбек пен 38 жастағы Ерғали Шамей жеңіс тұғырынан көрініп, алтын медаль иегерлері атанды. Дәл осы спорт түрінен 30 жастағы Асылан Нұрдәулетов күміс жүлдегер атанса, 35 жастағы Бауыр­жан Арыстанбеков қола жүлдеге ие болды. Бүгін, міне, өздеріңіз куә болғандай, Сияз­бек Далиев аралас комплекстік эста­фетада командалық сайыста қола жүлде еншіледі. Биылғы Пара Азия ойындары Астана қаласы үшін жақсы көрсеткіш деп айтуға болады», – дейді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқарма­сының басшысы Самат Жылқыбаев.

Жалпы алғанда, Қазақстан  ұлттық құрамасына жүлделер келесі спорт түрлерінен бұйырды:

Пара каноэде Бибарыс Спатай KL2 және VL3 санатында қос күмісті қанжығасына байласа, Жалғас Тайкенов KL3 санатында күміс жүлдегер атанды. Ал Жаныл Балтабаева KL3 санаты Максим Богатырев KL1 санаттары бойынша қола жүлдеге ие болды.

Пара пауэрлифтингте Давид Дегтярев Азия пара ойындарында алғашқы алтын медальді жеңіп алды. 54 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен ол 186 келіні бағындырып, Азия және Азия пара ойындарының рекордын жаңартты. Ал 41 келіде Тұрсынай Қабыл мен 73 келіде Раушан Қойшыбаева  күміс медаль жеңіп алды. 45 келіде Гүлім Құрманбаева мен 88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Рахметжан Хамаев қола жүлдені қанжығасына байлады.

Пара дзюдо күресінде жерлестеріміз Ақмарал Науатбек (45 келі/ J2), Ерғали Шамей  (73 келі/ J1) және Олжас Ораза­лыұлы (73 келі/ J2) алтын медальді жеңіп алды. Күміс жүлдеге Асылан Нұрдаулетов (73 келі/ J1), Жанбота Аманжол (-90 келі/ J2), Зарина Раифова (70 келі/ J2) және Ерлан Өтепов (+90 келі/ J2)  ие болды.  Ал Бауыржан Арстанбек (-90 келі/ J1), Даяна Федосова (52 келі/ J2), Динара Куджулова (70 келі/ J1), Ғалымжан Смағұлұлы (-90 келі/ J2), Ерлан Конкиев (+90 келі/ J2), Талғат Ажгалиев (+90 келі/ J2)   және Ануар Сариев (60 келі/ J2) қола жүлдені еншіледі. Ұлттық құрама дзюдо күресінен командалық есепте екінші орынға жай­ғасты.

Пара жеңіл атлетикада қазақстандық Дастан Мұқашбеков ядро итеруден алтын медаль иегері атанды. Ол -15,74 м нәтиже­сімен Азия және Азия пара ойындарының рекордын жаңартты. Сондай-ақ осы санатта қазақтандық Иван Зелезняк 12,39 метр нәтижесімен қола медаль жеңіп алды, ал екінші орын БАӘ спортшысына бұ­йырды.

Пара жүзуден Нұрдаулет Жұмағали екі алтын жеңіп алды (100 м брасс және  200 метр комплекстік стиль). Оған қоса, 200 м комплекстік жүзуде Азия пара ойындары­ның рекордын жаңартты. Диас Кенжебек 100 м қашықтықты 1:05:42-де жүзіп өтіп, Азия және Азия пара ойындарының рекордын орнатып, ел қоржынына 7-ші алтын медальді қосты. Ал Нұрәлі Совет­қанов 100 метр брасста, Роман Потапов 100 метр шалқалап жүзуде және 4х50 метр аралас комплекстік эстафетада өнер көрсеткен Зульфия Габидуллина, Сиязбек Да­лиев,  Наталья Звягинцева  және Айсұл­тан Кулкаев қола медаль жеңіп алды.

Пара таэквондода Нышан  Өмірәлі (80 келі) мен Камиля Досмалова (57 келі) күміс жүлдегер атанса, Мариям Салим­гереева (65 келі), Нұрлан Донбаев (80 келі) пен Алишер Гариполлаев (+80 келі) қола жүлдегер атанды.

Шахматтан ерлер командасы қола медаль жеңіп алды. Жұптық команда са­пын­да Алимжан Аяпов пен Серік Солтанов өнер көрсетті.

Пара велоспортта Сейтжан Кенжеғұл мен оның пилоты Антон Лаврентьев қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ жекелей уақыт есебіндегі бәсекеде Сейтжан ел қор­жы­нына тағы қола медаль салды.

Волейболды отырып ойнауда ұлттық құрама спортшылары күміс жүлдеге ие болды. Спортшыларымыз жартылай финалда алаң қожайындары Қытай елінің командасын 3:2 есебімен жеңіп, финалдық кездесуде әлемнің  және Азияның бірнеше дүркін чемпионы Иран мемлекетіне 3:0 есебімен есе жіберді.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ