Жалпы, БҚО-да биыл оң өзгеріс көп. Жеңіс алаңында салтанатты түрде полиция мен әскерилерге көлік кілті табысталуы да облыс үшін оңды іс.
Қорғаныс істері департаментіне берілген 12 автокөлік аудандық әскери бөлімдерге деп жоспарланған.
Полиция департаментіне берілген 45 автокөлік учаскелік полицейлерге арналып отыр. Оның ішінде 25 автокөлік қаладағы учаскелік полицейлерге берілсе, 20-сы ауылдағы учаскелік полицейлерге беріледі.
– Бұдан бөлек, алдағы уақытта екі патурльдік батальонға 90 автокөлік беру жоспарланып отыр, – деді БҚО Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев.
Салтанатты жиында сөз алған аймақ басшысы өңірдегі қоғамдық тәртіпті қадағалаушыларды төл мерекемен құттықтады.
– Президент өз Жолдаулары арқылы құқық қорғау жүйесін толық реформалау аса маңызды міндеттердің бірі екенін айқындап берді. Құқық қорғау және күштік құрылымдар саласы қызметкерлеріне материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін барлық жағдай жасалуда. Мәселен, былтыр Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментіне 30 автокөлік берілсе, енді міне, бүгіннен бастап олардың автокөліктер паркі 45 су жаңа автокөлікпен толығайын деп тұр. Қажетті құрал-жабдықтар алу үшін облыстық Полиция департаментіне өткен жылы 8 миллиардтан астам қаражат бөлінсе, биыл бұл сома 13 миллиардтан астам теңгеге жетті. Ал аумақтық қорғанысқа бюджеттен былтыр 222 миллионнан астам қаралса, биыл ол екі есеге жуық өсіп, 415 миллионнан астам қаражатты құрады. Осындай қолдаудың нәтижесінде соңғы жылдары өңіріміздегі жалпы, қылмыс саны 4 713-тен 3 494-ке дейін азайды. Яғни, 26,2 пайызға төмендеді, – деді салтанатты жиында сөз алған аймақ басшысы Нариман Төреғалиев.
Жалпы, биылғы жыл Батыс Қазақстан үшін жетістік жылы десе де болады. Себебі бірнеше әлеуметтік нысан бой көтеріп, жолдар жөнделуде. Ол туралы облыс әкімі Нариман Төреғалиев 2024 жылы 105 млрд теңгеге жалпы ұзындығы 800 шақырым жол салуды жоспарлап отырғанын айтты.
– Күні кеше Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік саясаттағы маңызды бағыттың бірі – аймақтарды жан-жақты дамыту екенін айтты. Облысымызда ауылды дамыту, экономикалық, инвестициялық, ауылшаруашылық, инфрақұрылымдық салалар бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, осы жылы облыс бойынша 81,5 млрд теңгеге 617 шақырым жол жөнделуде. Қазір 500-ге жуық шақырым жол пайдалануға берілді. Соның ішінде халықты толғандырған Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын 245 шақырым жолдың 125 шақырымын 4 жылда жасаған болсақ, биыл 120 шақырым жолдың 104 шақырымын аяқтадық, қалған 16 шақырым бойынша жұмыстарды жыл соңына дейін бітіретін боламыз, – деді аймақ басшысы.
Республика күні қарсаңында бұдан бөлек, Орал қаласында студенттерге арналған 500 орындық 9 қабатты жатақхана ашылып, пайдалануға берілді.
Су жаңа жатақхананың лентасын қию құрметі облыс әкімі Нариман Төреғалиев, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры, профессор Нұрлан Серғалиев пен Қазақстан Республикасы Президентінің атаулы шәкіртақысы иегері, республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпазы, студенттер үйінің тұрғыны, Педагогика факультетінің 4-курс студенті Гүлсезім Сегізбаевға берілді. Айта кетейік, нысан заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған. Әр секцияда ас үй, жатын бөлме, жуыну бөлмелері бар. «Қаржы орталығы» АҚ Ғылым және жоғары білім министрлігінің атынан университеттің жатақхана салу шығындарын 6 жыл ішінде өтейді.
Ал Бәйтерек ауданы, Асан ауылында ашылған амбулаториялық орталық ауыл тұрғындарын қуанышқа бөледі. Бүгінде Асан ауылында 2 000-нан астам адам тұрады. Ауылда бұған дейін ескі, әбден тозған медициналық пункт болған. Ол жерде ешқандай қан анализдерін алу мүмкіндігі де болмапты. Ал осы жолы пайдалануға берілген жаңа орталық замануи құралдармен қамтылған, енді ауыл тұрғындарына қарапайым анализдерді тапсыру үшін аудан орталығына шабудың қажеті болмайды.
Айта кетейік, жалпы БҚО-да 2025 жылға дейін дәл осындай 50 медициналық нысан салыну көзделіп отыр. Ол үшін «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде тиісті қаражат бөлініп келеді.
Дәл осындай қуанышты жаңалық Ақжайық ауданында да болды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған «100 денешынықтыру-сауықтыру кешені» жобасын іске асыру мақсатында Ақжайық ауданы Тайпақ ауылында 160 орындық денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Дәл осы күні Чапай ауылында 320 орындық спорт кешені пайдалануға берілді. Бұл екі кешен де заманауи технологиямен салынған.
Кешеннің ашылу салтанатына облыс әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық Денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жеңіс Нығметуллин, самбодан төрт дүркін әлем чемпионы Ерболат Байбатыров, спортшылар, сала ардагерлері ауыл тұрғындары қатысты.
Жалпы, облыста 2019 жылдан бастап 9 денешынықтыру-сауықтыру кешені салыныпты. Тағы 2 ауданда денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарын 2024 жылы аяқтау жоспарда тұр.
Бұдан бөлек, облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде және басқа жобаларды қоса есептегенде 26 мектептің құрылысы басталған. Оның ішінде екі мектептің құрылысы аяқталып, қазір балалар сол жаңа білім нысандарында білім алуда. Жыл соңына дейін 14 мектептің құрылысы аяқталады деп жоспарланған.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы