Зауыт та, станса да салынады

Қазан айының соңғы онкүндігінде Қытай кәсіпкерлері тарапынан ұсы­нылған екі инвестициялық жоба Ұлы­тау жұртшылығын елең еткізіп, қуантып тастады. Өйткені бұл екі жо­­баның да берері мол екені байқалады. Соны­мен, рет-ретімен айтар болсақ...

Облыс орталығынан небәрі 40-50 ша­қырым қашықтықта орналасқанына қа­ра­мастан, қазіргі өркениет көшінен тым алыста қалғандай көрінетін Жезді деп ата­латын кент бар. Заманында кенттің атағы берісі Кеңес Одағына, әрісі әлемге әйгілі болған десе, бүгінде ешкім сене қоймаса да шынайы тарих солай еді. Танк өндірісіне аса қажетті марга­­нецтің тапшылығы сезіліп жат­­­қанда Қаныш Сәтбаев оның мол қоры бар еке­­нін дәлелдеп шыққан соң Жездіде бар-жоғы 38 күнде зауыт салынған болатын. Егер рас болса, сол күндері Сталиннің өзі тікелей телефонмен хабарласып, зауыт құры­лысы­ның қалай жүргізіліп жатқанын біліп отырған деседі. Сөйткен Жезді 1997 жылы аудан орталығы мәртебесінен айырылды. Көптеген үй қаңы­рап бос қалды. Олар әлі де сол есік-те­резесі үңірейген қалпында сақтаулы тұр.

Жергілікті билік тарапынан Жездіге инвестиция тарту талабы болғанымен, бәрі де сәтсіз аяқталды. Кентте тұрақтап қалған халықтың үміт оты бәрібір сөнбеді. «Күн­дердің күнінде Жездінің бұрынғы жайнаған қалпы қайта айналып келеді» деген сенімде болды. Сол сенім ақталуға шақ қалғандай. Өйткені Жездіде кремний зауыты салынатын болды. 

Еліміздің көршілес Қытай мемлекетімен әртүрлі саладағы байланыс аясы жыл санап кеңейіп келе жатқаны белгілі. Екі елдің кәсіпкерлері өзара тығыз іскерлік байла­ныс­тар орнатып та үлгерді. Жездіде ашы­латын зауыт – осындай іскерлік байланыстың жемісі. 

 Зауыттың құрылысы қашан басталады? Қанша жұмыс орны ашылады? Жезді кен­тінің әлеуметтік-экономикалық дамуын­дағы зауыттың орны қандай болмақ? Бұл туралы инвесторлар кент тұрғындарымен кез­десіп, өз жобаларын жан-жақты та­ныстырды. 

Қытайлық кәсіпкерлер Шао Ханминг пен Ми Ронгтің айтуынша, жобаның жалпы құны – 7,5 млрд теңге. Қытай жағы осы қара­­­­жат­тың 20 пайызын құяды. Ал қалған бөлігін жергілікті «Ұлытау кремний» ЖШС көтеретін болады. Екі жақты тиімділік деген осы емес пе?!

Қытай жағы тұрғындармен кездесу ба­рысында экологияға зиян тигізбеу, қор­шаған ортаға шаң-тозаң, зиянды қалдықтар бө­­лінбеуін қамтамасыз ету мақсатында зауыт­та шаң-тозаңды сүзгілеу, яғни филь­трлеу жүйесі орнатылатын мәлімдеді. Крем­ний зауыты жылына 15 мың тонна өнім өнді­руді көздеп отыр. Мұнда 200 жұмыс орны ашылмақ. 

Қытайдан технологияны үйрету мақса­тымен 40 шақты маман келеді, қалғаны жер­гілікті тұрғындардан алынады. Зауыттың кең­сесі, жатақханасы салынады. Жұмыс жү­ріп кетсе, Жездіден тек кремний зауыты ғана емес, цемент, кірпіш зауыты да салынуы мүмкін. 

– Біздің жобамыз Қазақстан мен Қы­тай арасындағы экономикалық байла­ныстарды дамыту, жетілдіру тұрғысындағы екі ел бас­шыларының уағдаластықтары шеңберінде жүзеге асырылады. Бұл айм­а­ғымыздағы әлеуметтік-экономикалық да­муға соны сер­пін беретін болады, – дейді «Ұлытау крем­ний» ЖШС директоры Ға­лымжан Даржанов.

Кремний зауыты сәтін салса, 2024 жыл­дың тамыз айында іске қосылады.

Қазақстан мен Қытай арасындағы іскер­лік байланыстың келесі желісі Ұлытау облы­сында жасыл энергияны дамытуға бағыш­талатын болады. Осы мақсатта жуырда ғана Ұлытау әкімдігі мен қазақстандық және қы­тайлық инвес­­­­торлар арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Қазақстандық «ТехноГруппСервис» компаниясы қытайлық Sinohydro Deputy компаниясымен бірге Ұлытау жерінде екі жобаны жүзеге асыруға бел байлап отыр. Мұның бірі – облыстың Жаңаарқа ауданы­ның территориясында жел энергиясын өндіретін станса болса, екін­шісі – Жезқазған қаласында сол жел электр стансаларына қа­жетті мұнараларды өндіретін зауыт болмақ. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін өңірге 489 млрд теңге көлемінде ин­вестиция тарты­­латын болады.

Қытайдың энергетика мен инжиниринг саласында үздіктер санатынан табылатын Sinohydro Deputy компаниясының әлем бойынша да баламалы энергия өндіретін станса салудан мол тәжірибесі бар.Облыс басшысы Берік Әбдіғалиұлы облыстың табиғи ерекшелігін тиімді пайдалану тұр­ғысы­­нан келгенде көзделген жобаның берері мол екеніне сенімді.

– Жаңаарқа ауданының территориясынан жел электр стансасын орнатуға арнайы жер бөлінді. Мұнда 3,4 млрд киловат энергия шығаратын мүмкіншілік бар екені анықтал­ды. Бұл біздің өңірдің қажеттілігін толық өтей алады. Арзан энергияға қол жеткіземіз және өз қажетімізден артығын еліміздің басқа да өңірлеріне шығаратын боламыз. Жобаны жүзеге асыру экология мәселесінде де оң өз­герістер алып келеді. Сондықтан біз өз тара­пымыздан жобаның мерзімінде іске асуы үшін барлық тиісті жағдайды жасайтын боламыз, – дейді ол.

Sinohydro Deputy компаниясының ди­ректоры Жи Жен Вей бізбен әңгімесінде жо­баны қолға алу үшін өңірдің табиғи ерек­шелігі жан-жақты сарапталғанына тоқталды.

– Өйткені біздің негізгі қозғаушы күші­міз – жел. Ал бұл жағынан келгенде Ұлытау аймағының желі өте күшті екен, соны біл­генде кәдімгідей қуанып қалдық. Сондық­тан бұл өңірде жел стансасын ғана емес, сондай стансаға қажетті мұнаралар өндіретін зауыт салуды да ұйғардық. Біз Ұлытау облы­сының экономикасын бірлесе көтеруге әзір­­міз, – деген ол жасыл энергияны өндіруде өздерінің бай тәжірибесін қазақстандық әріптестерімен бөлісуге әзір екенін мәлім­деді. 

Қытайлық компанияның әріптесі – «ТехноГруппСервис» компаниясы. Компа­ния жетекшісі Жомарт Момынбаевтың ай­туынша, жел мұнараларын шығаратын зауыт үшін 20 гектар жер бөлінді, ал құрылыс келесі жылы басталады екен. 

– Біз бұл жобаға зор ынтамен атсалысқалы отырмыз. Өйткені жасыл экономиканы да­мы­туға үлкен серпіліс беретін мұндай зауыт­­тың әзірге еліміз бойынша ешқандай да баламасы жоқ, – дейді ол.

Жоба бойынша зауыт жылына 100 мұнара шығаратын болады. 

– 100 мұнараның қуаты 500-600 мегаватқа жетеді. Бұл – өте зор қуат. Біз көршілес Өз­бек, Түрікмен елдерінің де жасыл энер­гияға деген құлшынысын байқап отырмыз. Сон­дық­тан кейін сол елдерге экспортқа шығару да ойымызда бар, – деген Ж.Мо­мынбаев бізбен қытайлық әріптестерімен бірге қолға алып жатқан жобаның болашақты көздеген мақсатын да бөлісті. 

Аталған жобалар іске асқанда 300 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. 

Жаңа да жас облыс үшін инвестиция тар­ту оңайға түсіп жатпағаны да белгілі. Жоға­рыдағы аталған жобалар облыс құрылғаннан бергі өңірге сырттан келіп жатқан ең ірі ин­вестиция десек, артығы жоқ. Сондықтан да халық аталмыш жобаларға зор үміт артып отыр. 

Майлыбай КЕТЕ,

Ұлытау облысы