Сонымен қоса, сәбилердің ата-аналарының қолын ұзартып, еңбектенуіне жағдай жасады.
Осынау игілікті іске орай Көктал ауылына арнайы барған аудан әкімі Марат Сағымбек тұрғындарды Республика күнімен және балабақшаның ашылуымен құттықтады.
«Бұл жолғы мектепке дейінгі мекеме – ауданда биыл ашылып отырған үшінші балабақша. Жақын күндері Головацкий ауылында 200 орындық тағы бір балабақша ашылады. Оның да жөндеу жұмыстары аяқталған соң балдырғандарды қабылдауға кіріседі. Жалпы, ауданымыздың кәсіпкерлері аймақтағы құрылыс және әлеуметтік салалардың дамуына жалпы, экономикалық қуатының артуына үлкен үлес қосып келеді. Біз туған жерінің түлеуіне қол ұшын бергісі келетін жандарды, оның ішінде екінші балабақшаны ашып отырған Кәмшат Молдахметова сияқты белсенді кәсіпкерлерді әрдайым қолдаймыз», – деді аудан басшысы.
Нысанның лентасы қиылып, көпшілік жаңа ғимараттың ішін аралап көрді, көңілі толды.
Кәсіпкер Кәмшат Молдахметованың айтуынша, бұл – оның іске қосып отырған екінші балабақшасы.
– Алғашқы 100 орындық балабақшаны 2019 жылы Жаркент қаласынан аштым. Ол кезде «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып үйренуді аяқтаған едім. Жеке қаражатымды салдым, несие алдым. Бір жақсысы, мемлекеттен қолдау көрсетілді. Соның арқасында ол балабақша жемісті жұмыс істеп тұр. Осы жолы «Даму» қоры арқылы жалпы сомасы 65 млн теңге несиені 8 пайыз жеңілдікпен алдым. Бұл қаржыға бұрынғы кафенің ғимаратын сатып алып, қайта жаңғырту жұмыстарын жүргіздім, жаңа құрал-жабдықтар сатып әкеліп, орнаттым. Қазір әрқайсысы 25 баладан тұратын қазақ және орыстілді 4 топ құрылды. Көкталда 240 орындық екі балабақша және мектеп жанындағы шағын орталық болғанымен, жаңа балабақшаға да сұраныс көп. Сондықтан кейін балабақшаның іргесін кеңейтіп, тағы баланы 100 қабылдауды жоспарлап отырмын. Бір қуанарлығы, балабақшаның маңында бос жер телімі бар. Болашақта оқыту орталығын асшам ба деймін, – дейді кәсіпкер әйел.
Болат АбАҒАН,
Жетісу облысы