Көрмеге Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры, Естай атындағы мәдениет сарайының ұжымы, Аль-Аки халықтық-фольклорлық ансамблі қатысты. Мәскеуге алғаш сапар шеккен көрмеге Ертіс-Баян өңірінен шыққан әдебиет және өнер майталмандарының, оның ішінде ақын Мәшһүр Жүсіп Көпеев, жазушы, драматург Жүсіпбек Аймауытов, режиссер, актер Шәкен Айманов, режиссер Всеволод Иванов, жазушы Қалмұқан Исабеков және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұловтың жеке заттары қойылды. Жиылған қауымға жәдігерлерді музей басшысы Ербол Қайыров таныстырды. Жәдігерлер арасында Қалмұқан Исабаевтың баспа машинасы бар. Қ. Исабаев 500 шақырымға тең Ертіс – Қарағанды каналы салынатын жерлермен жаяу жүріп, өзімен бірге алып жүрген баспа машинасымен «Арман арнасымен» атты кітабын жазған екен. Германияда тұратын достары сыйлаған бұл баспа машинасы осындай тарихи мәнге ие. Көрмеге белгілі режиссер Шәкен Аймановтың тоны да қойылды. 1970 жылы Мәскеу қаласында режиссердің «Атаманның ақыры» көркем фильмінің тұсаукесері өткен, сол жылы режиссер көлік апатынан қайтыс болған. Көрмеге қойылған тон режиссердің өмірінің соңғы жылдарында киген киімі екен. Бұл киімін музейге Кәукен Кенжетаев тапсырған.
«Көрменің мақсаты – шетелге қазақ халқының зиялы қауымын таныстыру, бүгінге дейін ұлттық құндылықтарымызды қалыптастыруда аянбай тер төккен, ұлтымыздың ұлт болып сақталуына үлес қосқан ұлы тұлғалардың ерен еңбектері мен шығармашылық жұмыстарын насихаттау. Осыдан 87 жыл бұрын Жұмат Шанин жетекшілігімен қазақ халқының өнер майталмандары Мәскеуде қазақ өнерінің онкүндігін өткізіп еді, уақыт өте біз сол тарихи оқиғаны қайталағандай болдық, біз осы тұлғалардың жеке заттарын Мәскеу қаласына қайта әкелдік», – дейді музей басшысы Ербол Қайыров.
Е. Қайыровтың айтуынша, музей жыл сайын жаңа жәдігерлермен толығып отырады. Соңғы екі жылдың ішінде «Алашордалықтар ізімен» атты экспедиция ұйымдастырылған. Нәтижесінде, А. Байтұрсынұлының «Маса», «Қырық мысал» шығармаларын, Қ. Кемеңгеровтің «Қазақ тарихынан», Абай Құнанбайұлының Санкт-Петерборда шыққан шығармалар жинағы, Мәскеу қаласында Н. Төреқұловтың басшылығымен шыққан «Темір қазық» журналының түпнұсқалары табылды. Сонымен қатар жақында ғана Қаныш Сәтбаевтың өзі қолданған баспа машинасы табылды. Қазір музейде 60 мыңға жуық жәдігер сақталған. Мұндай жәдігерлер қатарын толықтыру үрдісі әлі де жалғаса бермек.
Сондай-ақ «Ертіс-Баян өңірінің дарынды тұлғалары» атты іс-шараның аясында Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры Мытищи қаласында өткен Халықаралық «Подмосковные вечера» фестивалінде өнер көрсетті. Фестивальға 200-ден аса театр үміткер болып, олардың 14-і іріктеуден өткен. Биыл ақын, жазушы, композитор, тарихшы Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл толғанына орай фестивальда ақынның «Ұждан» әңгімесінің желісі бойынша спектакль сахналанды.
«Қоғам бет-бейнесінің айнасы – ұждан. Қазір қоғам да, адам да бір қалпында тұрмайды, өзгеріске ұшырап отырады. Ар-ұждан болмауының себебінен көп жағдайда ұтылып жатамыз. Қоғам мен ұждан тақырыбын байланыстыра отырып, ұжданы бар қоғам мен ұждансыз қоғам қандай болады деген сұрақ пайда болды. Тақырып таңдау кезінде бізді мазалаған ой осы болғандықтан, пікіріміз бір арнада тоғысып, режиссер Азамат Нығмановпен бірге Шәкәрімнің «Ұждан» шығармасын таңдадық», – дейді Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының әдеби-драма бөлімі меңгерушісі Нұркен Тұрлыбек.
Естай атындағы «Аль-Аки» халық-фольклорлық ансамблінің қатысуымен Мәскеу сахнасында қазақтың классик күйші-композиторы Құрманғазының, аса көрнекті қазақ сазгері Н. Тілендиевтің күйлері шырқалды.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ