Алматы-Өскемен тасжолында екі жылқының кесірінен болған жол апаты салдарынан үш адам түрлі жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алакөл ауданында Toyota Camry көлігі 30 қазанға қараған түні кешкі уақытта тасжолға шығып кеткен екі жылқыны соққан.
Жол апатынан 22, 20, 17 жастағы үш адам зардап шегіп, ауруханаға жатқызылды.
– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында аудандық полиция қызметкерлері жылқы иесін анықтады. Ол 45 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әрі қарай іс жылқы иесі мен жәбірленушілердің арасында өткізілетін сот тәртібі арқылы жалғасады, – деді Алакөл ауданы полиция бөлімінің бастығы Арнұр Исаев.
Полицейлер тұрғындарға малды жаю ережесін қатаң сақтауды ескертті.
Осы жылы өңірде малдың кесірінен 9 жол апаты болған, салдарынан үш адам қаза тауып, 15 адам жарақат алған.