Болат Ақшолақовтың дауыс берудегі жеңісі – Қазақстан үшін де, ЮНЕСКО-ның әлемдік клубтық қозғалысы үшін де тарихи сәт. Отырыс барысында конгреске қатысушы елдер халықаралық ұйымның бастамалары мен жобаларын іске асырудағы еліміздің бірегей тәжірибесін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ жаңа басшының келуімен дүниежүзілік федерацияның одан әрі табысты дамуына үміт артты. Нәтижесінде, Қазақстанды сайлау туралы шешімді конгресстің көптеген қатысушы елдің өкілдері қолдады. Бұл біздің республикамызға деген сенімнің жоғары деңгейін және халықаралық аренадағы айтарлықтай рөлі бар екенін растайды. Бұл нәтижеге қол жеткізуде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының тұрақты қолдауы маңызды рөл атқарды.
Айта кету керек, ЮНЕСКО клубтарының қозғалысы 1947 жылы Жапонияда ЮНЕСКО-ның негізгі басымдықтары мен құндылықтарын азаматтық қоғам арасында кеңінен насихаттау мақсатында бастау алған. Бүгінде бұл қозғалыс әлемнің 90-ға жуық елінде кеңінен таралып, 5 000-ға жуық ұйымды қамтиды.
Болат Ақшолақов: «Қазақстандық федерация үшін жастар әрқашан басымдыққа ие болды. Осыған байланысты, біз барлық жинақталған тәжірибені енгізуді және бүкіл әлем бойынша ЮНЕСКО клубтық қозғалысының болашақ көшбасшыларын даярлау үшін берік негіз қалауды ұсынамыз», – деді.
Бұдан бұрын Болат Ақшолақовтың басшылығымен Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясы айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Бүгінде федерация 190 клубты 17 000-нан астам белсендіні біріктіре отырып, 45-тен астам елдің қатысуымен 550-ге жуық іс-шараны сәтті ұйымдастырды. Сонымен қатар 75 000-ға жуық қатысушыны қамтыған бірегей халықаралық жоба - The Planet of ART жастар фестивалі іске қосылды.
Дүниежүзілік федерацияның президенті болып сайланғаннан кейін, ЮНЕСКО-ның Жер шарының барлық аймақтарындағы қауымдастықтары мен клубтарын нығайту және дамыту, олардың танымалдығы мен жергілікті қауымдастықтардағы рөлін арттыру, жаңа қауымдастықтар мен клубтардың санын кеңейту қажеттілігі басым міндеттер ретінде айқындалды.
Дүниежүзілік федерацияның негізгі бағдарламаларын бірлесіп жүзеге асыру үшін ЮНЕСКО және мүше мемлекеттердің үкіметімен ынтымақтастықты нығайту жоспары бар.