Қазақстанда шамадан тыс мөлшерде несие алуға тыйым салынуы мүмкін

Жаңа заңнама Парламент қарауына жіберіледі.

Қазақстанда шамадан тыс кредит мәселесі бойынша заңнама пысықталып, жақында Парламент қарауына жіберілмек. Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Шамадан тыс кредит алу проблемаларын түбегейлі шешу үшін банктерде және кредит алушылардың санаттарына қарай шектеулер енгізу қажет. Микроқаржылық ұйымдардың, әсіресе «жалақыға дейін» қарыз беретін ұйымдардың шекті кредиттеу мөлшерлемелерін, сомалары мен мерзімдерін қайта қарау қажет. Ұсынылып отырған барлық заңнамалық түзетулер пысықталып, жыл соңына дейін Парламентке енгізілуі тиіс», деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Премьер-Министрдің сөзінше, аталған шаралар азаматтардың шамадан тыс қарыз алуын шектеуге және тұтыну кредиттерін беруде тәуекелдерді азайтуға септігін тигізеді.

«Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру үшін Оқу-ағарту министрлігі оқу бағдарламалары шеңберінде қаржылық сауаттылық курстарын енгізу мәселесін пысықтауы керек. Ғылым министрлігі бұл мәселелерді жоғары оқу орындарымен бірге қарауы тиіс. Кәмелетке толған жастар өздерінің қаржылық мүмкіндіктерін қалай дұрыс есептеу керегін, кредитті қалай және қандай кредит алу керек екенін нақты түсінуі керек. Мұндай тәжірибе көптеген елде  бар»,  дейді ол.