«AMANAT»: Қызылордада жол картасының орындалуы фракция отырысында талқыланды

Қызылорда облыстық мәслихатында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруда Жол картаның орындалуы барысын талқылауға арналған фракция отырысы өткізілді.

Отырысқа партияның облыстық филиалының төрағасы Н. Байқадамов, партия филиалының Атқарушы хатшысы Л.Төрешова, сонымен қатар жауапты басқарма басшылары қатысты.

Жалпы сайлауалды бағдарламаның орындалуына жүргізілген талдауға сүйенсек, 9 ай ішінде Қызылорда облысы бойынша 122 іс-шараның 43-і орындалып, 72-сі жүзеге асырылуда. Межеленген мерзім ішінде орындалмау қаупі бар шаралар анықталмаған.

Атап айтқанда, қабылданған шаралар аясында ауыл шаруашылығы саласында газдандыру бойынша жалпы құны 8 337 млн. теңгені құрайтын 26 жоба іске асырылуда. Оның ішінен 2 жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, 3 елді мекен – Қызылорда қаласының Ақсуат ауылдық округінің Махамбет елді мекені және Жаңақорған ауданының Ақүйік ауылдық округіндегі Бірлік және Қыраш ауылдық округіндегі Қызылмақташы елді мекендері газдандырылды. Бұл тұрғыда 219,7 км газ құбыры жүргізіліп, 12801 тұрғын «көгілдір отын» игілігін көруде. Жыл соңында 12 елді мекеннің яғни Төретам, Ақай, Махамбетов, Абай, Досан, Қалжан ахун, Бірлік, Қыраш, Жайылма, Құттықожа, Шалқия, Кейден газдандыру жобасы аяқталып, 40 мыңға жуық тұрғын табиғи газдың игілігін көретін болады.

Биылғы жылға жоспарланған тұрғын үй құрылысының жоспары  89,2 пайызға орындалып тұр. Инженерлік – инфрақұрылым жобаларын іске асыру артық көрсеткішке ие.

Спорт саласы бойынша 10 спорт кешеннің құрылысы жүргізіліп, бүгінгі күнге оның 5-еуі пайдалануға берілген. Өз кезегінде қалған 5 нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. 

Білім саласында да атқарылған істер ауқымды. Бүгінгі таңда өңірде 2450 орындық 5 білім беру ұйымдарының ғимараттары пайдалануға берілсе, оның ішінде Қызылорда қаласындағы 4 мектепке қосымша құрылысы және Қызылорда қаласы Жезқазған тас жолының бойында 600 орындық мектеп бар. 

Денсаулық саласы бойынша өңірде ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспарланған жұмыстарға сәйкес, бүгіндн 16 емдеу орны бой түзесе, келер жылы 11 дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріледі. Қызылорда қаласында арнайы емханасы бар көпбейінді аурухана, қан орталығы құрылыстары басталса,  Сексеуіл кентінде аурухана құрылысы жүргізілуде. Сонымен бірге, перинаталдық орталық және Арал ауданының ауруханасына жұқпалы аурулар бөлімшесінің құрылыстарының құжаттары әзірленуде. 

Фракция отырысында Жол картаның 2024 жылға қаржыландыру жағдайы пысықталып, индикатордың орындалуына жауапты фракция мүшелері мен басқарма басшыларына тиісті ұсыныстар берілді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы