Ақордада Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қазақстандықтар сұйытылған газ бағасы біртіндеп көтерілетінін ескертті.
Министр Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, бүгінде сұйытылған мұнай газы ішкі нарыққа өзіндік құнынан төмен жеткізіліп жатыр. Сондықтан өндірушілердің бұл газды жеткізуге ынтасы жоғын жеткізді. Оның үстіне сұйытылған мұнай газы ірі мұнай-химия жобаларына шикізат ретінде пайдаланылады.
- Осыған байланысты біз, әрине, экспорт көлемін қайта бағыттау арқылы сұраныстың күрт артуы мәселелерін шешіп жатырмыз. ТШО компаниясы бізге үлкен қолдау көрсетіп, ай сайын 20 мың тоннаға жуық ішкі нарыққа қайта бағыттады. Біз бұл ресурстардың шектеулі екенін түсінеміз. Ал сұйытылған мұнай газы мәселесі бойынша біз осы мұнай-химия зауыты іске қосылғаннан кейін, ішкі нарыққа жеткізу көлемін шектейтін боламыз. Біз бағаның болжамын ұсынатын шығармыз, соның нәтижесінде нарыққа қатысушылардың шығынын болдырмау үшін сұйытылған газдың құнын бірте-бірте, кенеттен секіруге жол бермей, ең болмағанда өзіндік құн деңгейіне жеткіземіз, - деді Алмасадам Сәтқалиев.
Ол қазір Қазақстанда 50 теңгеден 80 теңгеге дейінгі баға диапазоны бар екенін атап өтті. Бұл ретте оның құны 110 теңгеден кем емес.
"Бірақ біз бұл бағаны бірден белгілеуді жоспарлап отырған жоқпыз, яғни ол біртіндеп көтеріледі. Сонымен қатар, зауытты қажетті жаңғыртуға қатысты мәселелер бар. Өздеріңіз білесіздер, "Қазмұнайгаз" айтарлықтай ауқымды инвестиция салып жатыр. "ҚазГӨЗ" жаңа қондырғылар салуда. Бұл өнімнің соңғы бағасына да әсер етеді", - деді министр.
Қазанның 5-і күні ол көліктерді газға ауыстырудың жөн емесін, себебі жанармайдың бұл түріне арзан баға сақталмайтынын айтты.
фото: zakon.kz